Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды

Мақсаты: қыздарды ұстамдылыққа, ибалылыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеу, көркем әдеби шығармаларды оқу қабілеттерін дамыту.

Күтілетін нәтижелер:
-    Көркем шығармаларды оқуға қызығушылығы артады.
-    Қыз бала анасын, әкесін құрметтейді. Бауырларына ілтипатпен қарайды.

-    Қыздар махаббаттың құдіретін көркем шығармалар арқылы меңгереді.
-    Бақыт кілті дейтіндей өзіне де, болашақ серігіне де талаптар қоя бастайды.

Үлестірме карталармен жұмыс
Тапсырма. Берілген мәтіндерді оқып, ой тұжырым жасаңыз. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:
-    Егер Сіз шығармадағы кейіпкердің бірі немесе куәгері болсаңыз, қайтер едіңіз? Осы шығарманы түгел оқығыңыз келе ме? Неге?
-    Сіздің махаббат, бақыт туралы пікірлеріңіз қандай?
-    Сіз өз отбасыңыз немесе туыстарыңыз, көршілеріңізден көріп жүрген қандай жағдайлардан өзіңізді аулақ ұстар едіңіз? Ондай жағдай Сіздің өміріңізде болмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

№1
Періште қыз (хикаят)
Мейрамтай Иманғали

- Қыз тағдыры тайғанақ, - деп бастады Ардақ әңгімесін. Қыз баланың бақытқа бастайтын жолдан көз жазып қалуы қас-қағым. Шалыс басса болды, шатқаяқтап түседі. «Қыздың жолы жіңішке» дейді дана халық. Жіңішке жолдың азабы таусылмайды. Аяулы еркек болып жаралғанда өмір сүру ол үшін оңайырақ болар ма еді. Бірақ қайдам... Арың неғұрлым таза болған сайын өмір ауыртпалығы соғұрлым арта түседі ме деп ойлаймын. «Ар жазасы – бар жазадан ауыр». Аяулы өз арының алдында өзін-өзі аяусыз соттады. Қуанышым болып кезігіп, қасіретіме айналды...
Осыны айтты да, Ардақ үнсіз қалды. Қалтасын сипалап темекісін тауып алды да, сыртқа шығып кетті. Мен көңілсіз басталған әңгіменің немен аяқталарын ойладым. Аяулы қайтыс болған да, жігіт соны ұмыта алмай жүр деген ойға табан тіредім. Ардақ көп кешіккен жоқ. Тез-ақ оралды.
- Ішіңіз пысқан болар. Ол маған күле қарады.
- Жоқ. Сіздің әңгімеңіздің немен аяқталарын болжадым.

Аяулы – пәктіктің, тазалықтың, адалдықтың жиынтық бейнесі. Мен Аяулы жайлы кітап жазатын боламын. Кітаптың атын «Періште қыз» деп атаймын. Періште қыз... Мен осы сөзді табанымыз жерге тигенше қайталаумен болдым.
1997 жыл.

№2
АҢСАУ
Aбдырақын Нұрқалық

Адам жан, тән, рухтың қосындысы, әйтсе де Сәулет өз рухының жер бетінде қамалып, жоғын таба алмай жүргенінде жүрдек шайтан оның жанын ала қыздырып, қыз іздетіп, арақ іштіріп, түн баласы ұйқысын қашырып көше кездіртті. Осылай адасқан рух кейін де белгісіз бірдеңені іздей береді, бірақ ол ештеңеге қанағаттанбайды, демалғысы келіп әсем табиғатқа шықты, отбасымен жер бетіндегі ең күшті деген жерлерге барды, одан да шаршап шалдығып үйіне оралды. Сонда да ол іздегенін таба алмайды, тағы іздеуін тоқтатпайды, көзіне көрінген бұл дүниедегі қызыл-жасылдың бәрін құшағына басты, тоймайды, әйтеуір бірдеңесі кем, аңқасы кеуіп бірдеңені аңсай береді, ол не нәрсе, өзі де білмей дал, өстіп отрғанда азан даусы естіледі, құлағы елеңдеп мама ағаштағы көкпарға шабар аттай тықыршып терезеге жүгіреді, шайтан құлағына солынан келіп сыбырлап өткен күнін есіне салып, оңынан келіп сыбырлап болашағын бұлдыратып көрсетті.
Шаршаған Сәулет рухы енді міне отбасында «қар неге қыста жауады» дегендей шыбыннан піл жасап ұрыс шығарып, жоғалған жоғын тапқандай болып жаны азға тыншыды. Өстіп отырғанда азан даусы тағы естілді, ол рухтың қалауымен сол дауысқа қарай еріксіз аяңдады...

№3
Жетім шал
Ырысбай Тоқтанұлы

... біраз күнде жетім шалымыз үйленді. Ол кісінің аузын ашып әрең көрген сүйікті кемпірін бәріміз барып тамашаладық. Бірақ, ертесінен бастап жетім шал мүлдем өзгеріп кеткен сияқты әсер берді. Бұрын ол кісіге:
-ассалаумағалайкум, ата! Қайда барасыз деп сұрасақ, ол кісі:
-уағалейкуммассалам, балам! Бижіңге, немесе Шаңхайға барам деп бір мәз қып қоюшы еді. Сонда, Бейжің қай жақта десек, жетім шал қайда кетіп бара жатса, сол жақты қамшымен нұсқап Бейжің мына жақта дейтін. Енді, ол кісі қатын алып еді, бұрынғысынан мүлде басқаша боп шыға келді. Бір күні мен:
-ассалаумағалейкум, ата! Қайда барасыз?- деп сұрасам, баяғы кездері Бейжіңге барамыз дейтін кісі енді,
-... иттің баласы! Кімді мазақ қыласың деп атпен бастырмалатып сабап кетті. Бәлкім, менен басқа балалар да мен құсап бір-бірден қуылып алып, ойынын тоқтатқанға ұқсайды. Содан бастап, ол кісімен ешкім де ойнамайтын болдық. Бас – аяғы бірер жылда жетім шал деген лақамы да жоғалды. Бірақ, сөйтіп сабалған кезімде жетім шалдың мінезін бір жолата өзгертіп жіберген қандай нәрсенің құдіреті деп түсінбей жүретінмін. Соның бәрін есейіп, өзіміз қатын алғанда бірақ түсіндік қой ....

№4
Лиро-эпос жырларымыздан, дастандарымыздан, Құртқа, Ұлпандардан, Қыз Жібек, Баяндардан, Тұмарлардан, кешегі Әлия мен Мәншүктен әкеліп, бүгінгі еліміздің мақтаны болып жүрген қыздар аз емес.
Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді. Ұлы ұлттың парасатты жүрегі – ана болу деген үлкен өнер, үлкен тәрбие. Бізге осындай ана қажет!
Ана болу деген үлкен жігерлілікті қажет ететін ауыр жұмыс.
А.Бақтыгереева: «Қыздарға, әйел затына арнап жазатыным рас. Біреулер оны «ұсақ тақырып» деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен олай деп ойламаймын. Себебі қыз бала тәрбиесі ұлтының тәрбиесімен тікелей байланысты. Қазақ әйелінің қандай болғаны, жалпы, ұлтымыздың келбеті деп ойлаймын. Мысалы, әйелі салақ, олақ үйдің көркі болмайтыны сияқты, әйелі, қыздары дұрыс болмайтын болса, ұлттың да көркі болмайды, меніңше. Ұлды да, қызды да тәрбиелейтін, жалпы қоғамды ұстайтын ана деп ойлаймын».

№5
Қарындас
Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Мәуелі гүлдеп тұрған бағымдайсың.
Еркелеп аға деген назың қандай,
Кетпейтін таңдайымнан балымдайсың.

Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Іздесем сағынғанда табылмайсың.
Алдымнан айдай болып шықсаң дағы,
Мен үшін қол жетпейтін сағымдайсың.

Қарындас, қалай саған табынбайсың,
Арайлы алаулаған таңымдайсың.
Өзіңдей ақылдыны ұнататын,
Кішкентай кеудемдегі жанымдайсың.
Оспанхан Әубәкіров


Тапсырма.

-    Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды деп неліктен айтылған деп ойлайсыз? Ата-ананың қыз бен ұлдан күтетін үмітін ақтау үшін Сіз не істей аласыз?
-    Ұлылардан қалған ұлағатты сөздерді оқып, қойын дәптеріңізге ұнағанын түртіп алыңыз.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:567
Кеше:1699
Барлығы:3036689