Рахмет саған, Әліппе!

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

№ 46 жалпы орта білім беретін мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Гилманова Шынаргүл Оңдасынқызы

 

Тақырыбы:  «Рахмет саған, Әліппе!»

Мақсаты: Әліппеден үйренгендерін тиянақтау, өнерлерін тамашалау, білімдерінің артып, сөз байлығының молайғанын, саналарының өскенін көрсету.Оқушыларды ана тілі оқулығымен таныстыру. Отанын, мектебін, ұстаздарын, ата – аналарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: шарлар, «Әліппе» оқулықтарының макеті, интерактивті тақта, көрініс, ертегі кейіпкерлерінің макеттері,музыкалар, костюмдер
Өтетін орны: Акт залы
Өту барысы: фонфар қосылады, балалар «Барбарики» әніне билеп шығады. (флешмоб)
Темірлан
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ болып бүгінгі өскен ойымызға
Қош келіпсіз ұстаздар,  ата-аналар
Әліппемен қоштасу тойымызға!
Мұғалім: Құрметті ата – аналар, ұстаздар, қонақтар! Бүгінгі  1 «Б»  сынып оқушыларының әзірлеген «Рахмет  саған, Әліппе!» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер. ( Слайдтан мақсаты оқылады. 3 бөлімнен тұрады. 1-бөлім. «Осы біздер қандаймыз» 2-бөлім «Әріптер сыры»
3-бөлім  « Рахмет саған, Әліппе!)
Әліппені бітіру,  алдыңғы өмірге бастайтын көп белестердің бірі. Ендеше, біз бүгінгі күні сол белестің бірінен асып отырмыз. Сондықтан бүгінгі ертеңгілік сіздер мен біздер үшін ортақ та салтанатты мереке. Қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге оқушылар  дайын.  Олай болса, мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер! Жүргізушілерімізді ортаға шақырайық! Ислам мен Айлун

Ислам: Ассалаумағалейкум, уа халайық!
Айлун: Армысыздар, ардақты әкелер, мейірімді аналар, ақ жаулықты әжелер, ұлағатты ұстаздар!
Ислам: Өтті оқу сан сабақ
Бүгінгі үлкен салтанат
Оқулықпен достастық
Әліппемен қоштастық
Өсті міне ойымыз
Құтты болсын тойымыз!
1-бөлім  «Осы біздер қандаймыз?»
Айлун: Ислам, Осы біздер қандаймыз?
Ислам: оны біз сыныптастарымыздан сұрайық!
Таймас: Біз қызықпыз, қызықпыз.
Сәл еркелеу бұзықпыз. 
Айару: Мың бұралған бишіміз
Бейбарыс: Біз шеберміз,ақылдымыз
Айкөркем: Үлкенге ізеттіміз
Кішіге қамқоршымыз
Дарын: Көп оқимыз, білімді тоқимыз
Сабина Т: Толқынды су бұлақпыз
Жанып тұрған шырақпыз
Нұралы: Елімізді өркендетін
Қазақ тілін көркемдететін
Іңкәр:
Бабаларға тағзым ететін
Аналарға бас иетін. (бас иеді)

Даяна:
Елтаңбасымен еңселі
Туымен тұғырлы
Әнұранмен айбатты
Хормен: «Біз қазақ елінің болашағымыз!»
Ислам:

-Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан Әліппені бітірдік. Әліппемен қоштасу тек біздің мектебімізде ғана емес, барша Қазақстан бойынша қоштасып жатыр екен.
Айлун: Ия Ислам, осы жерде жүргізуші болып тұрғанымыздың өзі, Әліппенің арқасы деп білемін.
Ислам: Дұрыс айтасың біз Әліппеден -кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, ән айтуды   үйрендік.
Айлун:
Достар, мен сендерге сұрақ қоямын:
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар хормен:
Болашаққа жол ашар,
Ол -сүйікті Әліппе,
Ислам:
Олай болса, достар, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық!
Хормен: Әліппе,Әліппе,Әліппе
Әліппе ортаға шығады: - Гүлдария  (музыкамен шықса) балалар артта билеп тұрады
Әліппе әні
1.Менің атым, менің атым, Әліппе
Үйретеді, үйретеді әріпке
Оқу-білім, оқу-білім сыйласаң
Барлық бала, барлық бала дәріптер
Қайырмасы
Ал, балалар, келіңдер
Үйреніңдер, көріңдер
42 әріпті
жатқа айтып беріңдер
2.«А» дегенім, «А» дегенім-Ана ғой
«Б» дегенім, «Б» дегенім Бала ғой
Мені менен , мені менен достасып
Білім нәрін, білім нәрін ала ғой

-Армысыңдар жас достар!
Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.
Не үйретіп, не білдік,
Қане, ортаға салайық!

Ислам: Аида , Дәулетбек, Айханым:

Аида Ең алғаш қолға алғанда әліппені
Қызығып қарай бердім әріптерді
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың
Ұстазым маған кілтін алып берді.
Дәулетбек: Бар кітапқа бас болған
Әліппе- ғылым ағасы
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Айханым: Үйретті бізді Әліппе
42 әріпке
Сөз, сөйлем құрап әріптен
Лайық болдық дәріпке.

Айлун: Хор: Әліппе
1. Әліппе әліппе,
алғашқы әріптен
Ана деп қазір біз,
жазуға әзірміз.
2. Әліппе әліппе,
екінші әріптен
Бала деп қазір біз,
жазуға әзірміз
3. Әліппе әліппе,
Талай бір әріптен
Отан деп қазір біз,
жазуға әзірміз

2-бөлім «Әріптер сыры»
А –Абай Құнанбаев  (Таймас)

Абай ата өлеңін
Жатқа оқып беремін.
Ұлы баба жолымен
Тура жүріп келемін
Ә –Мұхтар Әуезов   (Айару)
Әуезов Мұхтар атаның
Әлем білді атағын.
Б –Бауыржан Момышұлы  (Нұралы)
Қаймықпаған жауынан
Қаһарман ата Бауыржан
Г –Гүлфайруз Ысмайылова (Малика)
Дарынды қызы қазақтың,
Суреттері ғажап тым.
Мен Гүлфайрус ападай
Суретші қыз болмақпын
Ғ -Ғабит, Ғабиден  (Бейбарыс)
Ғабиден, Ғабит еңбегі
Ғұмырлық байлық елдегі.
Д –Дина Нұрпейісова (Айкөркем)
Домбыраны сөйлеткен
Дина –күйдің анасы,
Күйін ұйып тыңдайды
Барша қазақ баласы.
Е –Ескендір Хасанғалиев (Ханкелді)
Әрбір үйдің түндігінен естілген
Ескендірдің әндері ғой деп білем.

Ж –Жамбыл Жабаев (Аарон)
Жүз жыл бойы жырлаған
Жамбылдан ешкім озбаған.
З –Зейін Шашкин   (Інкәр)
Заманының зерек ұлы
кемеңгер –
Зейін Шашкин  -
жазушы әрі дәрігер.
И –Иманғали Тасмағамбетов (Сабина Г)
Әркез игі тілегі
Бәрі жақсы  көреді
Елімізді қорғайды
Әділдікті қолдайды
К –Күләш Байсейітова (Ерасыл)
Ерекше дауысы
Тамсантты талайды,
Күләшті әрі қазақ
Бұлбұлға балайды.
Қ –Шәмші Қалдаяқов (Айлун)
Елұран әуені
Жеңіске бастайды,
Шәмшінің әндері
Мәңгілік жасайды.
Л –Ләззат Асанова (Дәулетбек)
Білесің бе есімін
Асанова Ләззаттың?
Желтоқсанның батыры,
Қайсар қызы қазақтың.
М –Мәншүк Маметова (Меруерт)
Ескерткіші тұр оның
Қаланың қақ төрінде
Мәншүк батыр апаның
Мұражайын көрдің бе?

Н –Нұрсұлтан Назарбаев (Даяна)
Қазақстан халқының
Президенті алғашқы,
Бағыт  беріп еліне
Болашаққа жол ашты.
О –Олжас Сүлейменов (Дильназ)
Орны бөлек алыптың,
Олжас –ұлы халықтың.
Ө –Әмина Өмірзақова (Дарын)
Әминадай актриса болу қиын,
Әрбір рөлі –тағдырдың берген сыйы!
П –Патшайым Томирис (Рината)
Сақтардың қайсар қызы Тұмар деген,
Парсының батырларын дірілдеткен.
Р –Роза Рымбаева (Темірлан)
«Әлия» деп ән салып,
Жер жүзіне таралған,
Рымбаева Розаның
Атын айтып мақтанам!
Т –Талғат Мұсабаев (Санжар)
Ғарышқа саяхат жасаған,
Талғатты білмейді қай адам?

У –Шоқан Уәлиханов (Ислам)
Қатарының озығы,
Жұлдызы ерте жаныпты.
Шоқан жүрген жерлерде
Тарихи сыр қалыпты.
Ұ –Ұлдай Сариева (Аида)

Ұлдай апа жырының биік құны,
Оралдықтар мақтаныш тұтады оны.
Ү –Айгүл Үлкенбаева (Айханым)
Шеберлікпен тарта білген мың күйді,
Білесің бе Үлкенбаева Айгүлді?
Ф –Фариза Оңғарсынова (Аңсар)
Фариза қыз –кең даладай дарынды, Өлеңдері -асау аттай арынды.
Ш –Шұғыла Сапарғалиева (Асем)
Қазақ биін танытты кең әлемге,
Шараның ізін басқан Шұғыла әпке
Ы –Ыбырай Алтынсарин (Сабина Т)
Оқу, білім жолына
Балаларды шақырған,
Мектеп ашып оқытқан,
Алтынсарин –жақсы адам

Айлун:
Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған
Рахмет, ұстаз алғашқы!

Айлун: Хор «Мұғалім ол біздің»

1.Білімнің кілтіндей
Әліппе ұстатқан
Оқуға іркілмей
Тоқуға ұстатқан
Қ-СЫ
Қамқоры ұл қыздың
Мұғалім ол біздің
2.Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда
Жаманнан безуге
Жақсылық жасауға
3.Атамдай сыйлайтын
Атамның тұстасы
Папамда сыйлайтын
Ауылдың ұстазы

Ислам:  Көрініс: «Жандос және оның кітаптары»

Көрініс: «Жандос және оның кітаптары» (Сабина,Таймас, СабинаТ, Даяна, Даулетбек)
Математика мен дүниетану кітабы алқа-салқа болып бір жерден қашып келе жатады. Оларға кітапханашы қарсы шығады.
Кітапханашы :Неге осыншама түрлерің жаман, өздерің қашып келе жатқанға ұқсайсыңдар.
Дүниетану: -иә, ауырып тұрмыз.
Математика: Әрең дегенде Жандостан  қашып құтылдық.
Кітапханашы :Жағдайларың белгілі болды. Сендер салақ, ұқыпсыз оқушыға түскенсіңдер. Содан ол сендерді қалай болса солай ұстаған. Жүріңдер мен сендерді кітап емханасына апарайын.(емханаға келеді)
Кітапханашы: Мен сізге оқушыдан қашып кеткен оқулықтарды алып келдім. Екеуі де қатты соққы алған, жарақаттанған, ауырып тұр.
Дәрігер:
Кел, дүниетану ,тыңдап көрейін.(ішін тыңдап)  Ия, түсінікті, Сенің І диагнозың су тиген.Су тиген соң кітаптың беттері құлбырайып, тез сынғыш болып кеткен. ІІ диагнозың кір қолмен ұстаған, кір майдың іздері түскен,беттерің бүктелген.Сол себепті парақшаларың қатты зақымданған. -Математика оқулығы ,кел, сені де көрейін. Ойбай, сенің түрің не болып кеткен өзі? Бір қорлық көрген адамға ұқсайсың ғой? Сенің І диагнозың сені қолшоқпарға ұқсатып сенімен  қатты заттарды ұрған, содан кітаптың сыртқы мұқабасы сынып кеткен де, түбі түсіп, беттерің бөлек шашылып қалған.ІІ диагнозың беттерің шимайланған, белгі соққан.Жағдайларың өте ауыр Енді мен сендерді үйлеріңе жібермеймін. Ия, сен енді балаларға білім беруге жарамайсыңдар?
Емханада жатып, емделесіңдер.
Сол кезде Жандос есікті қағып кіреді.
Маааа, математика мен дүниетану оқулықтарым осында жүр екен ғой? Қатырасыңдар жаңа математика сабағым өтіп кетті, енді дүниетану сабағы басталайын деп жатыр, жүріңіздер-(деп оларды алып кетейін деп жатады)
Дәрігер: Жоооқ, балақай! Олардың жағдайы өте ауыр, мен оларды жібере алмаймын!
Жандос: оларға не болып қалыпты?
Дәрігер: көрмейсің бе түрлерін, сыртқы киімдері жоқ, тіптен шаршап кеткен.Алдымен сен маған уәде бер, кітаптарыңды таза ұстауға, оларды жыртпауға. Сонда ғана мен сенің кітаптарыңды қайтарамын.
Жандос: кешіреңдер, кітаптарым. Енді мен сендерді таза ұстауға уәде беремін.Үйге барған соң сіздерді емдеп аламын.(деп оқулықтарын жетектеп алып кетеді)

Айлун: Ән: « Әжем айтқан ертегі» орындайтын Хамидолла Аида қарсы алыңыздар

Әжем айтқан ертегі
1.Ерте,ерте, ертеде деп басталды кешегі
Түнгі ұйқыға кетерде ажем айтқан ертегі
Ұйып тыңдап жатар ем қызық ертегі екен деп
Көзі ілініп кетіпті ажемме мен еркелеп
қайырмасы
Ей әжем айтқан ертегі
Биіктерге жетеді
Бақытты жан етеді
2.Сол ертектің жалғасын анық көрдім түсімде
Түсті көріп болған соң қайран қалдым ішімнен
Ғажап әнге шертеді ұнап алып көңілге
Әжем айтқан ертегі қайрат берді өмірге

(Әліппе орнынан тұрып сөйлейді)
Әліппе-Гүлдария
Балалар сендердің өнерлеріңізге өте ризамын, ал енді сіздердің білімдеріңізді көргім келіп тұр
Дәл қазір маған бастарыңызда тұрған әріптерден «Көрпе» сөзін жазып беріңіздерші (Болат, гүл сөздерін жазады)
Тамаша, енді жұмбақты шешіп көрейік!
1.Бір үйге көзсіз боп басың сұғасың,
Бұл үйден көреген болып шығасың. (Мектеп)

2.Бетін адам ашады
Білім нұрын шашады .(Кітап)

3.Маған да, саған да,
Жақын туыс – бес адам.
Үш әріптен тұратын,
Оңға оқы, солға оқы,
Өзгермейді еш одан,
Бәрі де өз жұратың,
Айтады кәне: кім атын?(Ата; Ана;Апа; Аға; Іні)

Құстан аумайды,
Көкте заулайды. (Ұшақ)
Рахмет балалар.

3-бөлім «Рахмет саған, Әліппе!»
Айлун:  ортада Вальс - ду қол шапалақ  (5қыз, 5 бала)

Ислам: Хор «Қош бол құтты, Әліппе»


Кош бол құтты әліппе                                 
Көп нәрсені үйреттің                   
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің

Өзім оқып кітапты
Жалындадым ағама
Қуанды апам сабақтан
Алған бестік бағама

Әліппе-Гүлдария
Сендерге де рахмет, балалар!
Оқуда зейінді болыңдар
Еңбекте бейімді болыңдар!
Ақ жол болсын, қарақтарым
Айдай болсын қабақтарың
Күнделіктерің беске толсын
Қош бол менің балаларым!

Білімнің көп қой саласы,
Әліппе соған жолбасшы.
Ғылымның қиын жалғасын,
Ана тілі оқулығынан табарсың! –деп Ана тілі оқулығын мұғалімге ұсынады
-Қош болыңдар, балалар!

Айлун: Хор «Рахмет саған, Әліппе!»
1.Алғашқы рет қолыма ұстадым
Әліппені сыйлаған ұстазым
Білім атты әлемге аштық жол
Рахмет саған ,Әліппе, қош сау бол
Қайырмасы
Әліппе, әліппе,
Арналады бүгін жыр саған
Әліппе, әліппе
Алғысымыз шексіз бір саған
2.Көмегіңнің өзіңнің Әліппе
42 таныстық әріппен
Ең алғашқы білімді алдық мол
Рахмет саған ,Әліппе, қош сау бол
Рахмет саған, Әліппе!  Хормен айтып аяқтайды.

Құрметті ата-аналар, қолдарыңыздағы балаларыңа деген ақ тілектеріңіз  жазылған алақандарыңды қағаз бетіне өз ретімен  жапсыруларыңыз сұралады.

« Жаңа жыл» әні орындалып жатқанда, ата-аналар ватманға қағаздарын жапсырып, шыршының бейнесін жасап  шығады.

1.Аналардың тілегін,
Әкелердің тілегін
Жалғастырар сендерсіңдер балалар,
Әліппенің кешінде,
Қалсын тілек есінде
Аман-болсын әкелер мен аналар
Қ-сы
Жаңа жыл ! Жаңа жыл ! Жаңа жыл !
Ақ көрпесін жамылды ғой дала - қыр .
Жаңа жыл ! Жаңа жыл ! Жаңа жыл !
Шалқытайық шаттық ән мен жаңа жыр. 2
2.Тілектерге тамсанып,
Бар әлемге жар салып
Би билейік ал канекей ән салып.
Бақыт тілеп еліме
Ұлан-байтақ жерімде
Қарсы алайық жаңа жылды бәріміз
Қ-сы
3.Күлімдесін күніміз ,
Жалындасын жүзіміз ,
Қуанышпен келсін Жаңа жылымыз !
Жаңа жылым шаттығым,
Арайланып атты күн,
Тілейікші елімізге сәтті күн .!
(ән жүріп жатқанда айтылады: Жаңа жылмен тұспа-тұс келген  Әліппемен қоштасу ертеңгілігі құтты болсын, балаларымыз ақылды болсын. Ал келіп қалған жаңа жылымыз өзінің тек жақсылықтарын ала келсін. Осымен ертеңгілігіміз аяқталды, аман болыңыздар!)

Мұғалім: Сіздердің жазған тілектеріңіз жасыл шырша бейнесін құрастырды. Ендеше Жаңа жылдарың құтты болсын, осында жазылған ақ тілектерің 2015жылы орындалсын!

Мұғалім: қорытынды сөз мектебіміздің бастауыш сыныптар бойынша директордың орынбасары Жеңіс Кәкібайұлына беріледі.(  дипломды балаларға табыстайды)

1 Ата-анаға сөз беріледі
Ертеңгілік аяқталды. Сау болыңыздар.!

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:566
Кеше:1699
Барлығы:3036688