Жеті санының сырлары көп

Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, қасиетті сан деп есептеген. Жеті санымен байланысты халық арасында таралған бірнеше түсініктерді әрбір қазақтың тәлім-тәрбиесін бала бойына сіңіретін отбасындағы ата-аналар кәдесіне жарайды деген үмітпен жариялай отырып, толықтырылуы мүмкін деп ойлаймыз. Сол себепті сізді ойыңызды ортаға салуға шақырамыз.

Жеті жетекші

Адамның басшысы – ақыл.

Жетекшісі – талап.

Жолаушысы – ой.

Жолдасы – кәсіп.

Қорғаны – сабыр.

Қорғаушысы – мінез.

Сынаушысы – халық. (Саққұлақ би)

Жеті континент. Африка, Антарктида, Австралия,  Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка.

Жеті жұт. Құрғақшылық. Жұт (мал қырылу). Өрт. Оба (ауру). Соғыс. Топан су. Зіл-зала (жер сілкіну).

Жеті жоқ. Жерде өлшеу жоқ. Аспанда тіреуіш жоқ. Таста тамыр жоқ. Тасбақада талақ жоқ. Аллаһта бауыр жоқ. Аққуда сүт жоқ. Жылқыда өт жоқ.

Кемпірқосақтың жеті түсі. қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін.

Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.

Жеті ата.

1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Жеті қазына. Бірнеше нұсұада қаралады:

1. Ер жігіт.

2. Сұлу әйел.

3. Ілім-білім.

4. Жүйрік ат.

5. Құмай тазы.

6. Қыран бүркіт.

7. Берен мылтық.

Мына нұсқаны кейде «жеті ырыс» деп атайды:

1. Адамның ақыл-ойы, санасы.

2. Денсаулық.

3. Ақ жаулық (ердің жары).

4. Бала (өмір жалғасы).

5. Көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды).

6. Жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»).

7. Ит.

Ислам аңызы бойынша жеті қазына:

1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады.

2. Бақ. Ол ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. 3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі).

4. Денсаулық.

5. Ақ жаулық.

6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені).

7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).

Жеті қат көк. Ай, Меркурий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал).

Жеті қат жер. 1. Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көк өгіз. 7. Жер.

Жеті жарғы.

1.«Халықтың ханы, сұлтаны, пірәзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».

2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін».

3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады».

4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».

5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойынына құрым іліп, ауылды айналдыру керек».

6. «Құйрық – бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі».

7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа, атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Жеті жетім.

Тыңдамаған сөз жетім,

Киюсіз тозған бөз жетім.

Иесіз қалған жер жетім.

Басшысы жоқ ел жетім.

Аққу, қазсыз көл жетім.

Жерінен айырылған ер жетім.

Замандасы қалмаса – бәрінен де сол жетім.

Жеті ғашық. Халықтың ән – жырында жеті ғашық мынандай екі нұсқада кездеседі:

а) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Тахир – Зухра, Арзу – Қамбар, Уәлик – Ғарра, Уәки – Күлшаһ.

ә) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Баһрам – Күләнда, Сейпілмәлік – Бәдіғұл, Бозжігіт – Анула (кей нұсқада Қарашаш), Зияда – Хорлы (Хорлы - Ғайын).

Ислам дінінде Жеті аспан: күміс, алтын, меруерт, ақ алтын, жақұт, анартас және ғажайып жарық.

Жеті шәріп: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұхар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран).

Жеті тозақ: 1. Сағир. 2. Лазо. 3. Сақар. 4. Жахим. 5. Жаһаннам. 6. Хауия. 7. Хатома

Өлімге себепкер жеті күнә: 1. Тамақсаулық. 2. Жалқаулық. 3. Нәпсіқұмарлық. 4. Өркөкіректік. 5. Ашу. 6. Қызғаншақтық. 7. Сараңдық.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:393
Кеше:966
Барлығы:3038220