Діни секталардың жастарға теріс әсері

Шыны керек, «зайырлы мемлекетпіз» деп, идеология тұрғысынан халқымызды тым еркін жіберіп алған секілдіміз. Тіпті бүгінде мамандар көп ұлттылықтан гөрі, көп дінділіктің зардабы ауыр екендігін жарыса айтып жүрсе де көп дінділіктің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар жоқтың қасы. Деректерге сүйенсек, 90-жылдардың басында Қазақстанда 500-дей діни бірлестіктер мен ұйымдар болса, бүгінде олардың саны 4000-нан асып кетіпті.

Бұған негізінен «он адам бірігіп, діни бірлестік құрып, тіркеле бер» дейтін заңымыз ықпал етуде. Ең қорқыныштысы, елі-мізде олардың ісін бақылауға алып отырған да ешқандай мекеменің жоқтығы. «Ағылшын тілін оқытамыз, психологиялық көмек көрсетеміз» деп, алдап-сулап маңайларына адамдарды жинап алып, өз ағымдарын насихаттап жүрген діни бірлестіктер бүгінде өз қараларын күн өткен сайын көбейтуде. Діни бірлестіктерді бей-берекет тіркеп, олардың іс-әрекетін бақылаусыз қоюымыздың арқасында бүгінде олар мыңдаған қандастарымызды өз бауырларына тартып үлгерді. Ағымға ерген азаматтардың сәбилерін тиісті медициналық тіркеуден өткізуден бас тартып, тіпті екпе егуден қашыртуы, басқа ағымға ерген жасөспірімдердің мектептегі оқуларын тастап кетуі, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдау – харам, мемлекеттік әнұранды тыңдамау, кеудеге қол қоймау, туға құрмет көрсетпеу, евангелші баптистердің «жер бетінде шекара болмауы керек» деп, Отан қорғаудан қашып, әскери борышты өтемеу дұрыс деген бағыттағы уағыздар жүргізуі түрлі діннің ағымында кеткендердің ұлттық әдет-ғұрып, салт-сананы естен шығаруының айғағы болса керек. Айта кетерлік нәрсе, жат пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен жастардың, жалпы адамдардың қоғамға қайта оралуы өте қиын. Тіпті кейде мүмкін де емес. Өйткені оларды Отан, отбасы, бірлік сынды қасиетті ұғымдар толғандырмайды.
Санасы уланғандар тек көсемдері айтқанды екі айтпай орындайтын сарбаздарға айналғанын өздері де түсінбейді. Бұған дәлел соңғы кездері радикалды ағым мүшелерінің бірнеше рет қылмысты оқиғалардың ұйымдастырушылары ретінде аталуы. Ал бұл қоғам үшін қорқынышты емес пе?! Сондай-ақ түрлі діннің ағымында кеткен әке мен баланың бір дастарқаннан ас ішпек түгіл, бірін-бірі жау көруі, өзінен туса да өзгедей күй кешіп, әке-шешесін тыңдамай балалары басқа діннің ағымында кеткен ата-аналардың зары әлі күнге тиісті орындардың құлағына жете алмай отыр. Еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да «басқа діни бірлестіктер өз діндерін насихаттаса насихаттай берсін, ал біздің дінде зорлық жоқ» деп өздерін «салқынқанды» ұстауда. Сонда дәстүрлі емес діндердің іріткі ісіне тосқауылды кім қоюы керек?! Айтпақшы, «біздің дінде зорлық жоқ» деп Мұсылмандар діни басқармасы қол қусырып отырғанда, еліміздегі провослав дінінің өкілдері құлшылық ететін сөздерін мемлекеттік тілге аударуға кірісе бастапты. Олар бұл әрекетін христиан дінін қабылдаған кей қазақтар үшін қажет деп түсіндіруде. Тіпті жақын арада қазақ тіліндегі аудармалар жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Ал сонда біздікі қандай жайбарақаттылық?
Айта кетерлік жайт - сау қоғамда азаматтардың санасының улануына сынамалап кірген діни ағымдардан бөлек, басқа елдерден діни сауатын жетілдіріп келген азаматтар да өз «үлесін» қосып отырған көрінеді. Бұл турасында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Соңғы кездері Пәкістан, Египет сынды көптеген мемлекеттерге барып діни сауат ашушылар көбейіп кетті. Бұл – жақсы үрдіс емес. Қазіргі уақытта түрлі ағымдар, ұйымдар бар. Дінімізді солардың ықпалынан таза сақтау үшін ерекше білімді, елін сүйетін отандық дін мамандары қажет. Алайда біздегі көптеген жастар шетелдерде әдетте өзге мақсатпен білім алып келіп жатады. Мен өз басым шетелде діни сауат ашуға сақтықпен қараймын. Сондықтан біздің елімізге осындай білім ордалары аса қажет» – деген еді. Ендеше шетел асып, діни сауатын ашқысы келетіндерге тосқауыл қоятын кез де жеткен секілді. Сондай-ақ бүгінгі қоғамда көбейіп бара жатқан хиджаб киген қыздардың қай ағымда екенін айтып беретін дінді саралап зерттейтін институттар да жоқ. Ең бастысы, осынау дін саласындағы бей-берекетсіздіктердің бәріне тыйым салар «Дін және наным-сенім бостандығы жайлы» заңды қатайту туралы көптен бері айтылып келе жатса да әлі күнге қолға алынар емес. Айта кетерлік жайт – жастарымыз саналы түрде өзге діннің ағымында кетіп жатқан жоқ, олар діни сауатының төмендігі мен қоғамдағы алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігі салдарынан адасып жүр. Сондықтан түрлі діни ағымның жетегіндегі жастарымызға араша түсер кез жеткен секілді.
Бір жағынан, жастарда діни мәдениеттің болмауы, білім деңгейінің төменділігі – бұның бәрі дәстүрлі емес діндарлылық, экзотикалық культтардың қоректік ортасы болып табылады. Басқа жағынан, әлем діндері мәдениеті курсын енгізуге сауатты қараған кезде жастар ортасындағы қауіп туралы айтуға болады, басқа сөздермен, күтіністегіден гөрі, шынайыдағы діндар жас адамдардың санының өсіп жатқандығын айта кету керек.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:393
Кеше:966
Барлығы:3038220