Балаңыздың ертеңгі азамат екенін ұмытпаңыз!

«Арыстандай арпалысып еңбектенген адамның қолына бақыт құсы өзі кеп қонады. Қуыс кеуде жазғандар ғана: «Бәрі тағдырдан!»- дейді. тағдырды қаһармандық істеріңмен жең; алда-жалда ыгта-жігерің табысқа жеткізе қоймаса, онда сенің кінәң жоқ!» дейді ежелгі үнділіктер. Мұны мен жастарға былай деп өзгерте айтар едім: «Сен көздеген мақсатыңв жетуің үшін  таңдаған жолда қиындықтар да, жеңістер де кездеседі. Алайда, қиындыққа налымай, одан өтуге басқалай әрекет ету керексің. Сондай-ақ, бір рет жеңіске жеттім деп қуанбай, нәтижеге жету үшін бастаған ісіңді жарты жолда қалдырма. Сен болашағыңа, біліміңе және мақсатыңның орындалатынына сен».

Ауылдан ат арбалатып, қалаға кәсіби білім аламыз деп келген жастардың кейбіреуі таң атырып, кешті босқа батырады. Жатақханада түске дейін ұйықтап, кешке дейін көше аралап, сыныптас, ауылдастарын іздеп, түнімен студенттерден дәптерге сабақ көшіреді. Не деген шаруа десеңші! Таңертең ұйқысын қимайды. Ал, ата-анасы тыным таппай еңбектеніп, аузындағыны алыстағы баласына жібереді. Уақыт өткен сайын сабаққа қатыспаған студентте не білім болсын, үлгермеушілер қатарынан табылып, оқумен қоштасуға тура келеді.

Мұндай жағдайлар ауру сияқты, әр студенттік топтарда ұшырасады. Дегенмен, біреулер емделіп кете алады, біреулердің бойындағы дертін қайтару мүмкін болмайды. Өйткені, олар - өзі ұнатқан мамандықты емес, ата-анасының таңдауымен оқып жатқандар. Осындай жағдаяттарда балаға ренжи де алмаймын. Бала бұрын-соңды ата-анасының жанында айтқанын істеп, мектепте берілген тапсырманы уқытында орындап жүрді. Үйде де, мектепте де бақылауда болды. Үйден ұзап шыққанда өз бағытына ие бола алмай, адасып қалады. Балаға оқушы деп еркіндік бере бермейтін ата-аналар кейін бармақ тістеп қалмаймын ба деп еш ойланбайды. Кез келген ата-ана «менің балам мектепте жақсы оқыды. Қолынан оқу келеді. Барлық пәнді еркін меңгереді. Сыныптастарымен жиі кздеседі. Тамағы аш болмасын деп қарасып жатырмыз. Неге ол үлгермей жатыр?» - деп таң қалады. Бала ата-анасына сырын айтып, ашық сөйлесе бермейді. Үнсіз тыңдайды немесе оқығым келмейді деп қана қысқа қайырады.

Кәмелетке толған бала мен ата-ананың әңгімесін тыңдай отырып, ойға қаламын. Неліктен үйде баланың тұлғалық дамуына мән берілмейді? Әңгіме баланың оқуында ғана емес, тұлға болып есеюінде. Бала ұяда көргенін тоқиды. Алайда баланың да қалауы бар, өзіндік қасиеті бар.

Ата-аналар баласының өмір сүру траекториясын сызуы емес, бірге анықтағаны дұрыс-ау деп есептеймін. Балалық арман, қиял да орын алар. Оны да оңтайлы әдіспен ойласу керек. Өмір сүрудің айқын тұрған жолы ешкімде жоқ. Әрбір адамның жолы –  қайталанбайтын жұмбақ әлемдей.

Бала мен ата-ананың арасында достық қатынас орнап, бір-біріне сенім пайда болатындай ортаны қалыптастырған жөн. Балаға 5-ке дейін патшадай еркелетіп, 15-ке дейін құлдай жұмсап, 15-тен кейін досындай қарайтын қытайлықтардың қағидасын жан-жақты түсініп, пайдалансақ қателеспейтін шығармыз.

Ата-аналар кінәні өзгеден іздейді. Кінәлі тапқаннан не өзгереді? Баланың өткен күні қайта келмейді. Өзен ағысын бөгеуге болады, өмір ағысын бөгеуге болмайды. Сондықтан балаңыз қатыгез болмасын, өзіндік ізі бар тұлға болып қалыптассын десеңіз, ойланыңыз, ата-ана!

Айгүл Бақтығалиқызы, педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Пікірлер 

 
0 #1 Ардақ 2017-11-13 04:33 Өте салмақты жазылған. Қоғамдық мәселелерді көтере білген. Қаламыңыз мұқалмасын Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:377
Кеше:966
Барлығы:3038204