Ұлт діңгегі – ұлттық тәрбиеде

Театр – өнердің төресі. Сахна – әртіспен сәнді. Театр әртісі ұлы өнерді танытады. Өнер адамын халқымыз  қашанда  үлгі тұтқан. Осы орайда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан «Балалар үйінің, балабақша және мектеп бүлдіршіндерінің арасында мемлекеттік тілді, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған іс шаралар өткізу» атты жоба аясында «Қыздар әлемі» порталының қонағы ретінде Астана қаласындағы Қалыбек Қуанышбаев атындағы драма театрдың әртісі Айнұр Жүгінісовамен жүргізілген сұхбатымызды ұсынамыз.

 

  • Айнұр  Серікқызы, ХХІ ғасырдың бойжеткендері қандай болуы керек?

- Менің үш ұлым бар. Қыз балаларым болмаса да, ұлдарымды ұлттық тәрбиемен сусындатуды мақсат етіп келем. Тек менің балаларым емес, жалпы қазақ баласы, ол қай ғасырда да өмір сүрсе де, олар ұлттық тағамның не екенін білуі керек. Біздің ұлттық тағмдарымыз арқылы олардың бойларына қазақылық сіңеді деген ойдамын. Шошып жемей, керісінше мақтанышпен қарайтындай, дастарханымнан ешуақытта ұлтттық тағамдарды үзген емеспін. Ұлттық деген ұғымға қатысты ауылды елестету қате. Бүгінде қаланың қазағы көп. Әр адам өз балаларына отбасында ұлттық деген ұғымды деген сіңдіру қажет. Қазақтың етін мүшелеп беруді де үйретіп отыру қажет. Қазақ халқы еттің әр бөлігін орнымен бөліп беріп отырған. Балаларға тиесілі бөлігін де әрдайым қуана алақан жаятындай ұсынып отыруға тиіспіз. Құрт, жент, тары, талқан, қаймақ, қымыз, сары май, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарымыз дастарханнан үзілмеуі тиіс. Шетелге шыққан жағдайда менің ұлдарым өз елінің ұлттық тағамдарын аңсайды. Тәрбие басы дастарханнан деп ойлаймын. Балаларды дастарханға қонақтармен бірге отырғызу қажет. Дастархан басында жақсы тілектер айтылады, бата беріледі. Оның өзі – үлкен тәрбие. Қазақтың еті, қазы-қартасын масаттанбай жейтін қазақ жоқ шығар. Басқа ұлт өкілдерінің өздері тамсана жеп жатқанда, кейбірінің сушиға қарай жүгіретініне таң қаламын. Бүгінгі бойжеткендерімізге де отбасында анасы осы жайларды үнемі түсіндіріп, ұғындырып отыру қажет. «Анасын көріп, қызын ал» дейтін халық мақалы текке айтылмаса керек. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалылығын сақтау қажет. Өзінің ана тілін қадірлемейтін қыздардан жақсы ана шығады деп айта алмайын. Тілін қадірлемеген адам, ол ұлтының салтын да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын.  Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайықты болу қажет. Бойжеткендеріміз осыны ұмытпаса екен деймін.  
Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Балаларым қазақтың тәрбиесін көрген қызды жар қылып алса екен деп армандаймын. Өйткені бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақтың бойжеткендерін мен ертеңгі баламның жары, немеремнің анасы деп қараймын. Олардың бойында имани тәрбие болғанын қалаймын. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.

  • Өнер адамы ретінде балалар үйінде ұйымдастырылған тәрбие сағаттары, мерекелік шараларға барып, кішкентай бойжеткендерімізбен сыр бөлісіп  тұрасыз ба?

- Әрине. Өз басым шақырмаса да, жиі барып тұрамын. Олармен сыр бөлісемін. Осындай мекемелер дәстүрді білетін, оны насихаттайтын, бүлдіршіндеріміздің бойына сіңіретіндей тұлғаларды шақырып, кездесулерді көптеп өткізу керек деп ойлаймын. Кейде  қарагөз қазақтың балалары орыс тілінде сөйлеп жатады. Осындайды көргенде жаным ашиды. Оларға  ұлт деген ұғымды сезіндіру керек. Бар мейірімімізбен қазақтың дәстүрін насихаттап, ұлттық мерекелерімізді ұлықтап, өнеге көрсетуіміз қажет.  Балғын бүлдіршіндеріміз Әнұранды айтқызғандықтан емес, жүрегімен беріліп, сезініп айтса екен деп ойлаймын.

  • Театр әртісісіз. Әр әртіс сахнаға шыққанда, берілген рөлді жан-тәнімен ойнауды мақсат етеді. Өзіңіздің сахнада сомдаған рөлдеріңіздің ішінде қазіргі бойжеткен қыздарымызға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беретін қандай образдарды сомдадыңыз?

- М. Әуезовтң «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» спектакльдерінде ойнадым. Бұл образдарды мен жас кезімде 22-23 жасымда сомдадым. Еңлік менің сахнадағы сүйікті рөлім. Қызым болса, атын Еңлік деп қояр едім. Бұл менің жан-дүниеме жақын рөл. Кішкене кезімде атқа мініп, атқа шапқан қыздардың бірімін. Қыздардың бойында да ерлік, қайсарлық қасиеттердің болғаны да артық етпейді. Ол – қазақтың сайым сары даласының еркіндігі. Сұлулықтың символына айналған  Қыз Жібек те атқа мініп шапса, Әлия мен Мәншүк әпкелеріміз балғын шақтарында қолдарына қару да алды емес пе? Ол осы істерімен сұлулығын, нәзіктігін жоғалтқан  жоқ. Театр сахнасында біздің бойжеткендерімізге үлгі болатындай, өнеге алатындай образдар жеткілікті.

  • «Тәрбие басы – тал бесік» дейді дана халқымыз. Бүгінде бесік жырын айтатын аналарымыз азайған сияқты...

- Балаға тәрбие ананың сүтімен, әлдиімен келеді. Кейде ақ жаулықты әжелерді көреміз. Немерелеріне орысша сөйлеп жатады. Ана қызына, әже немересіне тәлім айтпаса, тәрбиенің жоғалғаны. Қазақтың  ауыз әдебиеті – халқымыздың ғасырлық шежіресі. Тұрмыс-салт жырларымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыру – ұлт аманаты. Сонда ғана қазақтың салты мен дәстүрі өшпейді. Сондықтан да аналарымыз бен әжелеріміз балалары мен немерелеріне бесік жырын айтып отырса екен деп тілеймін.

  • Қазақ қыздарына ұлттық тәрбиені насихаттауда қандай байқаулар өткізу керек деп ойлайсыз?

- «Қыз сыны», «Қазақ аруы», «Бұрымды қыз» байқаулары ұйымдастырылса. Мысалы, қазақтың ұлттық тағамдарын жасау, халқымыздың ұлттық өнерін көрсету, дәстүрін білу сынды шарттар байқауда орындалса. Байқауда қойылатын сұрақтардың барлығы ұлттық бағытта болса, білімі мен білігін, өнері мен дәстүрді игергендігін саралайтын байқаулар көп болса екен деймін. Өйткені ондай байқаулардың бойжеткендеріміздің тәрбиесіне игі әсерін тигізері сөзсіз.

  • Сіз өнер адамысыз. Үнемі  халықтың ортасында  жүресіздер. Сіздерге қарап бойжеткендеріміз бой түзейді. Қазіргі таңда сол қарагөз бойжеткендерімізге ұлттық киімді насихаттау жағына қалай қарайсыз?

- Қазіргі заманғы киімнің өзіне ұлттық колоритпен  бір ғана элемент қосу арқылы да қазақтың ұлттық нақышын көрсетуге болады. Қолға ұстайтын сөмке. Күнделікті пайдаланамыз. Үнемі қолымызда жүреді. Соны ұлттық оюмен безендірсек, қандай керемет?! Аяғымызға етік киеміз. Оның қонышына да ұлттық нақышпен ою-өрек салдырсақ. Менің бас киімдерімнің, күртешелерімнің өзін ұлттық нақышта арнайы тапсырыспен тіктірдім. Қызыға қарайтындар көп. Әңгіме басыңа сәукеле киіп, үстіңе камзол киіп жүруде емес. Заман талабына сай жаңашыл киімді де ұлттық нақышта көрсетуге болады. Қазақ  әйелі басына кимешек киген. Ал оны бүгінгі заман талабына сай лайықтап, әдемілеп неге кимеске? Балам келін алып, немерем дүниеге келген күні мен де кимешек кием деген ойдамын. Қазақтың ұлттық киімдері тек ұлттық мерекелерде емес, күнделікті киетіндей насихатталуы қажет.

  • Әңгімеңізге үлкен рахмет. Өнеріңізге толағай табыс тілеймін.

Сұхбатты жүргізген:
Рита Сұлтанғалиева,
БҚМУ қауымдастырылған профессоры

 

Пікірлер 

 
0 #12 Алаш қызы 2013-05-22 02:05 Керемет сұхбат болыпты Дәйексөз жазу
 
 
0 #11 Ерманова Жадыра 2012-12-11 18:49 Бәрекелді! Осындай ұлт қамын ойлар ақ жаулықты аналарымыз жасай берсін!Бұл сұхбат бүгінгі замандас құрбыларымыздың ертеңгі күні ұлт мүддесін ойлар ана болуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Дәйексөз жазу
 
 
0 #10 Ұябасова Айнұр 2012-12-11 18:29 Керемет! Ұлтымыздың ұлт ретінде қалыптасуында қашанда қазақ әйелінің рөлі ерекше болғандығын білеміз. Бұл сұхбат та соның бір айқын көрінісі.Қазақ қызы, қазақ әйелі, қазақ әжесі осы үш ұғым мықты болса, ұлттық тәрбиеміздің де төмен болмайтындығы деп білеміз. Дәйексөз жазу
 
 
-1 #9 Мадина 2012-12-07 19:40 Сұхбатыңыз ұнады. Сіздерге толағай табыстар тілеймін Дәйексөз жазу
 
 
0 #8 Алмажай 2012-12-07 19:37 Керемет сұхбат! Дәйексөз жазу
 
 
-1 #7 Маншук 2012-12-07 19:35 Ұлт діңгегі – ұлттық тәрбиеде . Өнер адамы Айнұр Серікқызымен өткізген сұхбатыңыздың тәлім тәрбиесі мол.Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Дәйексөз жазу
 
 
+1 #6 Эльмира 2012-12-07 17:33 ХХІ ғасырдың қазақ қыздары қандай болу керек? деген сұраққа берген жауабыңыз сәтті шыққан. Жалпы "қыздар әлемінің" қара көз қыздарға берер тағылым зор деп ойлаймын. Дәйексөз жазу
 
 
+1 #5 Асель 2012-12-07 17:28 Айнұр Серікқызының сұхбатының қазақ қыздарының тәлім-тәрбиесіне тигізер әсері мол. Қазіргі кездегі қазақ қыздарына тағылым беретін осындай сайттың ашылғаны мені қуантты, сайттың болашақтағы жұмысына сәттілік тілеймін! Дәйексөз жазу
 
 
0 #4 Янгуль 2012-12-07 17:15 Саламатсыз ба! Айнұр Серікқызымен жүргізілген сұхбаттарыңыз бойжеткен қыздарымызға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алуға үлесі өте зор. Осындай сайттар жасай берсің! Дәйексөз жазу
 
 
+1 #3 Динара 2012-12-07 17:05 Сайттың тәрбиелік мәні зор. Мынау өнер адамдарымен жүргізілген сұхбаттарыңыз маған ұнады. Осындай сұхбаттар басқа да өнер адамдарымен жүргізіліп, жарияланып отырса және өзіміздің жерлес өнер жұлдыздарымен сұхттары жарияланып тұрса деген пікір білдіремін. Жалпы сайттың безендірілуі, сілтемелері өте жақсы жасалған. Болашақта сәттілік тілеймін. Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:568
Кеше:1699
Барлығы:3036690