«Қыздар мектебінің» ғибраты

Ақұштап Бақтыгереева толғаныста-рындағы «Ана болу – әдебиеттің мәңгі тақырыбы» немесе «Ел басқарам, ұлтыма қызмет етем деп ұмтылатын ұл тумасақ, ұлтымыздың өлгені» деп келетін тіркестер ұлтын шын сүйген тұлғаның мазмұнды ойларға толы маржан сөздерінің қатарын толықтырса керек.
Ақұштап Бақтыгерееваның қыздар мектебінде оқыған дәрістерін сіздерге де ұсынамыз, бойжеткен арулар, балғын бүлдіршін қыздар!


Ақын апамыз оқу орнындағы қарагөз қыздарымыздың басын «Қыздар мектебінде» қосып жүр. Бұл оқу орнындағы тәрбие мектебі мен университетіміздегі «Ар-намыс кодексіне» – «Қазақ қызы» деген бір кодекс тармағы қосылғандай. Қыздар мектебінен тәлім алып, білім ордасында  тұлға болып қалыптасып, бүгінгі қазақ аруы, ертеңгі жар, аяулы ана, ардақты әже атануда ең алдымен тәлім мен тәрбие қажет.
Қарагөз қыздарымыз қазақ қызы деген атқа лайық болып, тәлімді, тәрбиелі, ибалы да инабаттылығын әркез сақтап жүрсе екен дейді ақын апамыз. Қыз тәрбиесі, бұл – ұрпақ тәрбиесі. Осы жауапкершілікті үнемі сезініп жүруге тиіс екендерін ұғындыру қыздар мектебінің  басты ұстанымы.
Ақұштап апамыз «Қыздар мектебіндегі» алғашқы дәрісінде  «Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды» деген ойын тереңнен өрбітті:
«Ең басты мақсатым – қазақ қыздарының тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу. Қазақ қыздарына ұлттық тәрбиеден дәріс беру. Қаламыздағы оқу ордаларында осы мақсатпен дәріс оқыдым. Біздің мемлекеттік бағдарламада ондай сабақ жоқ. Ал мен қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесіне байланысты дәрісті қайдан алам? Лиро-эпос жырларымыздан, дастандарымыздан, Құртқа, Ұлпандардан алам. Қыз Жібек, Баяндардан, Тұмарлардан, кешегі Әлия мен Мәншүктен әкеліп, бүгінгі еліміздің мақтаны болып жүрген қыздармен жалғастырып, дәріс оқимын. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақ өзінің ұлтының ертеңгі болашағы екенін білсін деймін. Өзім де үш қыз өсірген анамын. Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды деген ойдамын. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді деген ойдамын. Ұлы ұлттың парасатты жүрегі – ана болу деген үлкен өнер, үлкен тәрбие. Бізге осындай ана қажет! Қайратым, қуатым барда ақындық тіліммен, өлеңіммен айтайын, ананы сүюді, ананы сыйлауды үйретейін деп жүрмін. Ана болу деген үлкен жігерлілікті қажет ететін ауыр жұмыс деп түсіндіремін».

Ақұштап Бақтыгерееваның «Қыздар мектебінде» оқылған дәрістерінен

Өрімдей ой
Қазақ болу үшін қазақ қыздарының рухы биік болсын десек...
• Қазақ болу үшін жүзге, руға бөліну шарт емес. Тегімізді білсек,
тілімізді ұмытпасақ, қазақ болып жаратылғанымызға өкінбесек болды да. Басты мәселе – ұлттық рухта. Рух биік болуы үшін, аналар сәбилерін қазақша әлдилеп, бесік жырын айтсын.
«Қыздары дұрыс болмай, ұлттың да көркі болмайтындығы»...
• Қыз бала тәрбиесі ұлтының тәрбиесімен тікелей байланысты. Қазақ
әйелінің қандай болғаны, жалпы, ұлтымыздың келбеті. Мысалы, әйелі салақ, олақ үйдің көркі болмайтыны сияқты, әйелі, қыздары дұрыс болмайтын болса, ұлттың да көркі болмайды, меніңше. Ұлды да, қызды да тәрбиелейтін, жалпы қоғамды ұстайтын, ол – ана.
Ақын апа жырға қосқан қыздар қандай?
• Уақыт өзгереді, келесі ғасырдың адамы да, көзқарасы да бөлек
болады. Дүниенің дөңгеленгені сияқты, адам қоғамды бір орында ұстап тұра алмайды. Мысалы, ғасыр бөлек болса, бола берсін, әр гүлдің өзінің топырағында өсетін тамыры болуы керек. Әр ағаштың өз топырағынан алатын нәрі болуы керек. «Мына ғасыр бөлек екен» деп, тамырсыз гүл сияқты солып өте шығуға болмайды. Сондықтан бәрібір әжелер тамырынан, ғасырлар қойнауынан, өзіңнің қаныңнан тәрбиенің негізін алып, сол жолда жүрсең, өмірің бекер өтпейді. Қазақ баласының ұлттық тәрбиесін ұмытуға болмайды. Біз қай қоғамда өмір сүрсек те, басқа ұлт өзінің түрімен, тілімен танылып тұрса, кең даланың ұрпағы да өзінше танылуға тиісті. Біз қазақ даласының  өзіндік дәстүрін сақтауымыз керек. Басқа жерге барғанда «Мынау қазақ қызы» деп ерекшеленіп тұрса, қандай жақсы.
Ұлттық тәрбие бастауы...
• Қазақ қызы деген өзгеге ұқсамайтын дала мінезімен ерекшеленуі
керек. Одан парасат пен ақыл үйренсе артық па екен? Бүкіл далаға, ұлтқа ана болатын қыз тәрбиесі оп-оңай қарайтын нәрсе емес. Біздің қазіргі қыздарға ұлттық тәрбие ерекше қажет кезең. Ол алдымен ұлттық намыстан бастау алады.
Тобықтай түйін:
«Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына
Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.
Абай атты армандай ұл өсіріп,
Ат қойыңдар Тоғжан деп қыздарыңа».
Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазірде солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқанды. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырлардың белесінде өзінің 20 жылдық тарихына табан тіреген қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу.
Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизм туралы айтылған болатын. Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевтың «.. патриот – ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» деген сөзін бүгінгі жастар естен шығармауы керек. Бойында намыс оты ойнаған, ұлт тәрбиесін сіңірген, иманды да инабатты, тәрбиелі, ана тілін ардақтаған қазақтың текті Сіздер сияқты қыздары ғана ұлттық құндылықтарды қастерлеп, адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттерді бойына жинақтары сөзсіз.


Рита Сұлтанғалиева,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ қауым-дастырылған  профессоры, ф.ғ.к.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:573
Кеше:1699
Барлығы:3036695