Бүгінгі ғасырдың бойжеткені, менің ойымша...

Бүгінгі ғасырдың бойжеткені жастар көзімен: салмақты пікір, салиқали ой, жарқын толғаныс

Бұраңдап ақ моншақтай керілген қыз,

Оздырдың салтанатты еліңнен қыз.

Сәулесі ақ жүзіңнің жерге түссе,

Реңкің сары алтындай көрінген қыз.

Мұрат Мөңкеұлы

Қазақ қызына жыр арнамаған ақын аз болар. Қыз бала – абырой, қыз бала – намыс. Қоғамымызда қыз балаға үлкендеріміз айрықша назар аударып, зор мән берген. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп сыйлап, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамданған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған.

Қазір қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады, тіпті жойылып барады десек артық етпес. Бүгінгі қазақ қыздарының болмысынан ертедегі аналарымыз, әжелеріміз, апаларымыздың асыл қасиеттерін кездестіруден қалдық. Қазіргі қыздардың белі бесіктен шықпай жатып, ашық-шашық киініп, сән қуып, мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ сәнқой болып шыға келеді. Есіл-дерті сән мен киім болып тұрғанда, баланың ойында оқу, іздену, білім мен тәрбиені ұштастыру деген шетте ығысып қалуда. Осылай бой жеткен қыздарымыз ертеңгі күні қалай ана болмақ, солардың бір сарынын күнделікті өмірімізден көріп жүрміз. Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз – ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болары табиғат жолынан белгілі. Иманы мен ибасы жүзінен байқалатын қазақ қыздары – ұлттың ұяты.

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді: тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі. Ел билеген Томиристің ақылдылығы, есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі – Ұмай ананың әулиелігі баршаға аян. Ұлы Отан соғысына қатысқан мыңдаған мұсылман әйелдердің ішінен Әлия мен Мәншүк «Шығыстың қос жұлдызы» ретінде мәңгі жарқырап қалуы тегіне тартқандықтың белгісі болса керек.

Ғабит Мүсірепов: «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» деген. Батырлық пен қайраттылықты өң бойына қатар жинап, биязылығымен өзін бағалата білер қазақ қызының таза да тұнық болмысы – тектілігіміздің айнасы. Менің ойымша, ұлы даланың дана қыздарының бүгінгі жас ұрпағы елдіктің ұраншысы және инабатқа толы өмірдің қозғаушы күші болса, ұлттың ұяты жоғары тұрмақ. Өз халқын сүйе білген жас қаракөздеріміздің  бойында ұлттық намыс та, ұлттық рух та, жарасымдылық та молынан табылады. Олар жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Қыздар саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, жоғарыда айтылған өрелі міндет биігінен көрінері хақ.

Ғани Арайлым

 

 

 

Пікірлер 

 
0 #2 Айнаш Серикова 2017-11-10 15:37 Әттең, қаракөз қандастарымыз бар тектіліктi бойларынан жоғалтпай ұстаса екен… Дәйексөз жазу
 
 
0 #1 Ардақ 2017-11-04 16:18 Әр сөзіңізге қосылам жанды жазыпсыз Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:379
Кеше:966
Барлығы:3038206