Бүгінгі ғасырдың бойжеткені, менің ойымша...

Бүгінгі ғасырдың бойжеткені жастар көзімен: салмақты пікір, салиқали ой, жарқын толғаныс

Қадыр Мырзалиевтің «Әдемі қыз – көзіңе жақын, әдепті қыз – көңіліңе жақын» деген сөзі бар. Осындай көңіліңе жақын қыз тәрбиелеп өсіру әрбір ата-ана, әулеттің ғана емес, мемлекет пен қоғамның да міндеті.

Қыз баланың жаратылысында адалдыққа, тазалыққа бейімділік және табиғи мейірім бар. Ол өз шаңырағының ғана емес, қоғамның да тазалығына, тәртіптілігіне, тәрбиесіне жаны аши біледі, жауапкершілікті сезінеді. Сонысымен де қыз бала тектіліктің, ізгіліктің бастауы болып табылады. Барлық діндер мен салт-дәстүрлерде әйелдерге қойылатын талаптың жоғары болатыны сондықтан. «Алып анадан, ат биеден туады» дейді халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің, тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деп мақалдаған қазақ қызға, болашақ ұлт анасын бұзылудан сақтау үшін, қырық үйден, қала берді қара күңнен тыйым сала білді. Қыздың әр қадамын назарда ұстап, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзді қалдырды. Соның нәтижесінде ерлігі ересен, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Ал бүгін қандаймыз? Жауап айқын: қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай. Ал, қыздарымыз – ала-құла. Тектілігін танытып, ибалы, инабатты мінезін сақтап, иіліп тұрған, «салтанаты санатына жарасқан», қарасаң көз сүйінетін қыздарымыз аз емес. Қолынан да, тілінен де келетін, орнын да, айтарын да білетін, алмас қылыштай жарқылдаған ерге бергісіз бойжеткендеріміз де бар. Бірақ өкінішке орай, арзан әңгіме, орынсыз қылжаққа бой алдырып, құнсыз құндылықтарға алданған, ақыл-парасат пен әдеп-ибаны ысырып тастап, пайдасы өз басынан артылмай, дүниелік игіліктерді ғана көздеуге бейімделген қыздарымыз жетерлік.

Өзімнің түсінуімше, қазақ қызы - инабатты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, көпшілік қауымға тән сұлулығымен емес, жан сұлулығына жаға білетін, жібек міңезді, «иманды ару, ибалы келін» деген атқа толығымен лайық болуы керек. Қазақ қызы деген абыройлы есім, оны алып жүру де кез келгеннің қолынан келе бермейді, әрі тәрбиенің бұрынғысы мен бүгінгісі болмайды. Тәрбие қашан да ұлттың өзіндік ерекшелігін, құндылықтарын сақтауы қажет. Ал ұлттық құндылық дегеніміз қай уақытта да бір ғана мақсатқа бағытталады, яғни, салауатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса тәрбие ескірмейді. Сондықтан да қазақ қызы өз ибалылығын жоймай, өзгеге үлгі боларлықтай болу керек. Ақан сері «Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас» дейді. Олай болса жүз жерден батысқа еліктегенімен, қазақ қызы орыс та, ағылшын да, неміс пен француз да бола алмайды. Сол қазақ қызы күйінде қалады. Бұлай дегенім қазақ қызы көштен қалсын дегенім емес, заманына сай оқысын, қызмет етсін, бірақ өзінің негізгі міндетін ұлт келешегін тәрбиелер ана екенін естен шығармағаны жөн деп ойлаймын.

Давлетова Аида

 

Пікірлер 

 
0 #4 Ақгүл 2017-11-06 01:55 Мақалаңыз керемет жазылған Дәйексөз жазу
 
 
0 #3 Жамиля 2017-11-06 01:52 Шынымен ең алдымен қазақ қызы инабатты, тәрбиелі болу керек☝ Дәйексөз жазу
 
 
0 #2 Акгулим Утегенова 2017-11-04 18:22 Өте керемет жазылған. Дәйексөз жазу
 
 
0 #1 Әсем 2017-11-04 16:17 Әсерлі Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:379
Кеше:966
Барлығы:3038206