Қыздарға айтар ақыл бар

Қазақстанда жасөспірім қыз балалардың жүкті болу жағдайлары жиілеп барады. Ресми статистикаға сәйкес елімізде кәмелетке толмаған 10 мың қыз жүкті болады екен. Солардың ішінде жартысы ғана босанып, қалғандары жасанды түсік жасатады. «Бота» қоғамдық қорының сайтынан.
Елімізде құрсаққа біткен шарананы тұншық¬тырып, түсік жасату жыл санап үдеп барады. Статистикалық деректерге жүгінсек, елімізде әйелдердің 80 пайызы жасанды жолмен сәбиінен құтылады. Өкінішке қарай, заңды белінен басып, түрлі әдіс-тәсілмен құрсақтағы балаларды тұншықтыру дерегі де азаймай тұр. Бұған қоса 15-16 жасар бойжеткендер де түсікке жиі бой алдыртады. Ал кей деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 200 мыңға жуық сәби жарық дүниені көрмей, ана құрсағында тұншығады екен.
Дерек пен дәйек:
* Елімізде 2009 жылдың жеті айында 60 мың түсік жасалса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 123 мыңды құраған.
* Жоғары сыныпта оқитын жеткіншектердің 75 пайызы түсік жасатуды тығырықтан шығудың оңай тәсілі ретінде қарастырады.
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ 7 ата сайтынан

Оңтүстік Қазақстан облысында 2010 жылы15-18 жас аралығындағы 191 қыз түсік жасатса, оның саны 2011 жылы 241-ге жетіпті.
Ресми деректерге қарасақ, облыста 2008 жылы 17 жасқа толмаған, мектеп жасындағы 100-ден астам қыз баланың аяғы ауырлаған, ал 2009 жылы бұлардың қатары 250-ге, 2010 жылы 352-ге жеткен. 2011 жылдың 7 айында 228-ге жетіп, олардың қатарында 14 жастағы, яғни 8-сыныпта оқитын қыз баланың болуы арға таңба түсіретін жағдай. «Жас қазақ» газетінің 2012 жылдың 25 мамырындағы санынан.

Осындай жан түшіктірерлік фактілерді оқи отырып, бұның барлығы жас қыздарымыздың жыныстық сауатының төмендігінен екеніне көз жеткіздік. Ашық-шашық шетелдік фильмдердегі махаббат бостандығының да әсері мол екенін естен шығармағанымыз жөн. Бұл тақырыпта қазақ қызы анасымен ашық сөйлесуге қысылады да, көшедегі құрбыларының кеңесіне көбірек жүгініп, от басып қалып жатады. Сондықтан бүгін жасөспірім қыздар мен ұлдарға жыныстық қатынас тәрбиесі туралы кеңес беруді жөн көрдік.




Бойжету

Жыныстық пісіп-жетілу ұл мен қыздың бір-бірінен бөлектенетін кезеңі. Бұл бөлектену бастапқы кезде байқала қоймағанымен, жыныс бездерінің ағзаға басымырақ әсер ететін кездері де жетеді, сөйтіп екінші жыныстық белгілер пайда бола бастайды.
Өтпелі кезеңде бойжеткен қыздың денесі қайта жаңарып, тиісінше қалыптаса бастайды. Ағзаның жалпы өсуімен қатар қыздардың тері астындағы май қабаттары әсіресе, иықтарындағы, сандарын-дағы май қабаттары қалыңдайды, сөйтіп әйелге тән түрге енеді.
Әйелдердің құрсағы еркектерге қарағанда кең болатыны белгілі, ал жамбас сүйектері бір-бірімен созылмалы байланысқан. Бұл - әйелдің бала тууы үшін аса қолайлы. Қыздардың жамбас сүйектерінің өсуі, жатыр бұлшық етінің өсуі 20 жасқа келгенде толық аяқталады. Сүт бездері де тез өседі, олар тығыздау болады әрі ептеп ауырады, емшектің ұшы дөңгеленіп томпаяды. Қыздың беті үлбіреп нәзіктік сипат алады, қасағасына, қолтығына түк шығады, даусының тембрі өзгеріп, сыңғырлай әрі анық шығатын болады, алғашқы етеккірі келеді. Бұл кезеңде қыздарда жігітке деген құштарлық пен ықылас пайда болады, бірақ оны жыныстық қатынасқа саналы түрде ұмтылыс деп түсінбеу керек. Өйткені бастапқы кезде бұл құштарлықтың платондық қана сипаты болады. Бұлай дейтініміз, ертедегі грек философы Платон әйелдерді алыстан ғана ұнатқан деген аңыз бар. Сол себепті тән жақындығын ойламай, алыстан ғашық болуды платондық махаббат дейді. Қыздар алғашқы кезде жігітке тек осылай ғана ғашық болады.
Өтпелі кезеңде қыздар әйелдік нәзіктікке, биязы мінезділікке, сұлулық пен мейірімділікке, ұстамдылыққа, жүріс-тұрыстың әйелге тән сипатына ие болады. Қыздардың бірінші және екінші жыныстық белгілері – етеккірі келгеннен кейін ақтық рет даму шегіне жетеді. Олар бірінші баласын тапқаннан кейін ғана нағыз әйел қалпына келеді.
Қыздың бірінші етеккірінің келуі аналық безінің пісіп-жетілгенін, сөйтіп әйелдің жыныстық гармондардан бөлек жұмыртқа бөле бастағанын дәлелдейді. Ал бұл жай қыз еркекпен қосылғанда бала көтеретінінің белгісі саналады. Осы кезде қыз бала жеке бастың гигиенасына үйреніп, сыланып-сипанып қана қоймай, таза жүргені, денесін таза ұстағаны жөн. Қызды алдағы болатын осы табиғи процеске әзірлеу – ананың борышы. Жыныстық жайлардан хабардар болу қыздың жыныстық өсіп-жетілу барысымен қатар жүруі тиіс. Тек сонда ғана ол ана болудың жауапты да құрметті міндетіне тәндік жағынан да, моральдық жағынан да даяр болады.
Етеккір алғаш келгеннен кейін қыздарда да, әйелдерде де орта есеппен әрбір 28 күн сайын аналық безде бір жұмыртқа клеткасы пісіп жетіледі. Сөйтіп етеккір келеді. Бұл - табиғи жағдай, әдетте 3-4 күнге созылады.
Алғашқы етеккір қыздардың барлығына бір мезгілде келмейді. Оның келу уақыты тұқым қуалаушылыққа, денсаулыққа, тұрмысқа, қоршаған ортаға, климатқа, нәсіл мен тұрмыс салтына байланысты. Мысалы: ауыл қыздарынан гөрі қала қыздарының етеккірі бұрынырақ келеді. Солтүстікте тұратын эскимос қыздарының етеккірі 19 –ға келгенде көрінсе, ыстық жақта тұратын қыздарда ол 9-10 жастарында-ақ келе бастайды.
Қыздар мен әйелдер ауыр науқастанғаннан кейін де етеккірі тоқтап қалады, тіпті ұзақ уақыт келмейді. Қатты қобалжу, толқу, қорқыныш, климаттың өзгеруі, діңкелетін жұмыс, белок пен витамині жеткіліксіз құнарсыз тамақ, оттегінің жетіспеуі, аналық бездің ауруға шалдығуы – етеккірдің мезгілінде келуіне зиянын тигізеді немесе оның келуі әйелдің жанына бататын болады. Мұндай жағдайларда дәрігерге көрінген жөн.
Еркекпен әйелдің жыныстық сезімдерін, сексуалдық құштарлықтарын негізінен андрогендер басқарады. Олар адамда жыныстық сезімнің әмбебап гормондары болып табылады. Дегенмен сексуалдық құштарлықтың шектен шығу-шықпауы адамға, оның алған тәрбиесіне де байланысты. Өйткені жыныстық қатынасқа ерте түсу жыныстық пісіп-жетілуді тездетеді, жасөспірім бірінші рет кездейсоқ жыныстық қатынасқа түссе, ол одан кейін жыныстық ләззат алу жолын тағы іздей бастайды, талғамсыздыққа, тәртіпсіздікке ұрынады. Сөйтіп, венералық (махаббат құдайы Венераның атына байланысты) жұқпалы жыныс ауруларын – мерез – соз ауруларын жұқтырып алады.
Еркекпен ерте жақындасудың зардабы да, салдары да көп. Ойда жоқта жүкті болып қалу – жас қыздардың денсаулықтарын құртады, көптеген жағдайларда өмірлеріне қатты нұсқан келтіреді. Тұңғыш рет баланы алдырып тастау, яғни аборт жасату - әйелді бедеу етуі, түсініктірек айтсақ екінші рет бала бітпеуі мүмкін. Қазір бедеулікке тұңғыш біткен баланы алдыртып тастау себепкер болып отыр (жалғасы бар).

Т.Төлендиев пен Қ.Иманбаевтың «Қызым саған айтам» кітабынан

 

Пікірлер 

 
-2 #2 Серікқызы Нұрхан 2014-04-21 00:02 Қыздарға неге мұрт шығады? Дәйексөз жазу
 
 
+1 #1 Серікқызы Нұрхан 2014-04-20 23:40 Қыздарға неге мұр шығады? Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:391
Кеше:966
Барлығы:3038218