Дәстүр туралы не білеміз?!

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей халқымыздың салт-дәстүрінің өзіндік мән-мағынасы зор. Алайда соңғы жылдары «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегенді желеу қылып еліміздің әр аймағында ата-баба салтына жат түрлі әдеттерді жиі кездестіреміз.
Әсіресе орыс араласқан біздің Батыс Қазақстанда тойда ән айтып, би билегеніне ақша дәмету немесе  өнер көрсеткендерге келген қонақтардың уыстап ақша шашуы, келген құдалардың орнына отырып алып оны сату, орыстарша қызды жасырып, иә келген күйеу жолдас пен құданың аяқ киімін тығып қойып ақысына сатып беру деген сияқты орынсыз қаделер жайлап алған. Ал ұлттық болмысымызды, үлкеннің кішіге деген құрметін білдіретін келіннің үлкендерге сәлем салуы, ас желініп болған соң табақ алуы мен үлкендердің асқа, дастарханға бата беруі (бата орнына тост айту), әжелеріміздің баланы бесікке салып, тұсауын кесуі (бесік жыры мен тұсау кесу жырларын білмеуі) сияқты әдеттерден алыстап қалдық. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен өзгеге еліктейміз деп жүріп барымыздан айрылып қалмайық деген оймен ата-баба заманынан бері ұмытылмай  әлі күнге қолданыста жүрген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың кейбірін филолог ғалым С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары» атты еңбегі негізінде еске салуды жөн көрдік. 
Ал сіз ата-бабаларымыздың салтын, оның мәнін білесіз бе?

Ат тергеу
- Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі - ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайын інісінің атын атамай, лайықты ат қояды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қойған. Мысалы, тапалды «сұңғақ», жайбасарды - «жүйрік» дегендей. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып есептелген. Ат тергеу ғұрпы жайында халық аузында мынадай әңгіме қалған.
Бір келіншек «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер! депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атамай тұр екен.

Байлау
- Соғып алған аңды, олжаны, тауып алған затты адам жанындағы кісілерге тарту ету керек. Мұны «байлау» деп атайды. Бұл дәстүр -  мәрттіктің белгісі. Оны бұзған адам тәртіпті бұзғанмен тең саналыпты.

Босаға майлау - жастар жеке отау құрғанда немесе отбасы жаңа үй алғанда жақын-жуықтары үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жағымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.

Ерулік - ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе сол ауылдың тұрғындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп табақ тартады. Бұл жаңадан қоныстанушыны бөтенсітпей ортаға тартудың, сыйластықтың белгісі.

Жиенқұрық - халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет қалағанын беруге міндетті. Жиенқұрық кей жерлерде қырық серкеш деп те аталады. Бұл туралы Тәуке хан тұсында қазақ мемлекеттілігі мен құқықтық жүйелерінің дамуында маңызы зор болған «Жеті жарғыда» «Нағашы жиеніне «қырық серкеш» беруі керек. Жиені нағашысына «қырық серкешімді алуға келдім» - деп арнайылап барғанда, оны құр қайтармай, қалағанын береді» деген нұсқау болған.

Жолдасу (жолын беру) - үлкен басқосуларда салт-дәстүр жолымен орын беру. Мысалы, бас табаққа кіруде, бата беруде ата-баба жолын негізге алған. Онда тек жасы ғана емес жүзі, руы да ескерілген. Бұл салт-дәстүрдің жұрнағы қазір де қолданыста екені белгілі. Жүз, ру жағынан құрметтеу кей ретте қолданыста болғанмен, көбіне-көп жасы үлкендігі, бедел-абыройы, қызмет-лауазымы ескеріледі.

Жылу - өртке ұшыраған, мал-мүлкі суға кеткенде т.б. бақытсыз жағдайға ұшыраған отбасына ауыл-аймақ болып жәрдем беру. Адамгер-шілік ізгі қасиеттің белгісіндей бұл дәстүр бұл заманда да біржола қолданыстан шықпағаны аян. Дегенмен бұл қолдау, көмек, жәрдем дегендей сөздермен аталып жүр.
«Жеті жарғыда» бұл туралы: «Әртүрлі табиғи апат (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады. Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші алыс жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайларда сыйласуларына қарай (құда жекжат т.б.) көрші, рулар өз бетімен көмек көрсетеді.
Қазақ ішінде жылуды кез-келген дәулетті қазақтан сұрау айып болып табылмайды (егер шын жұтап отырса). Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру тәңірі алдындағы іс болып табылады. Егер жылу жинаушы (адам немесе ру) өзінің берекесіздігінен, жағымсыздығынан, не өз дәулетсіздігінен ағайыннан көмек ала алмай өзге елде жүрсе, айыпталады. «Өз ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалайды» - деп көрсетілген екен.
Итаяқ - жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, үлкен әжелер оған «итаяғыңа сал» деп күміс сақина, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяқ» - баланың алғашқы шаранасын жуатын ыдыс. Ыдысқа күміс сақина, жүзік дегендей заттар салынып, нәрестені шомылдырып болған соң ырым етіліп, сол жерде жиналған әйелдерге таратылады.

Кеусен - егін пісіп, мол өнім алынғанда егіншілер туған-туысқандары мен ауылдастарына мол өнімнен дорбалап, қаптап дегендей бөліп беретіні бар. Бұл малшылардың «көген түп» беретіні сияқты мырзалық дәстүрдің бір түрі.

Көгентүп (көгендік) - жақын туыс, ілік, жұрағат адамдардың баласына сый ретінде берілетін мал (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат) Кеусен, көгентүп дәстүрлері қазіргі тұрмыс-тірлікте қолданыста болғанмен, ел үлкендеріне болмаса, жалпы көпшілікке аты ұмытыла бастағанға ұқсайды.
Қазанжарыс - әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ пісіруі. Халық нанымы бойынша туатын бала «қазанжарысқа» қатысып одан бұрын дүниеге келуге тырысады деген.

Қазан шегелеу - жақсы таныс, сыйлас, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, осы үйдің қазанын шегелей келдік дейді. Үй иесі, «жақсы болды қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік» деп қонақжайлық танытып, қонақасы береді. Яғни «қазан шегелеу» «қонақ бола келдік» дегенді білдіреді. Бұл дәстүр де қазақтың қонақжайлығының бір көрінісі деуге болады. Қонақжайлық демекші негізінен ата-баба салт-дәстүрін негізге алған «Жеті жарғыға» жүгінсек Қазақ үшін қонақжайлық бұлжымас заң ретінде болған.
1.    Қонақасы тәртібі бойынша жолаушы қонамын деген үйіне а) (ауылдың сыртымен оң келеді) қотан арқылы өтуге болмайды. ә) үйдің сыртынан жақындап сәлем етеді «сөйлес» немесе «сөйлесетін кім бар-ау?!» деп дауыстайды.
2.     Егер жолаушы ауылға қонғысы келсе, ауылдың сыртында аттан түсіп, ауылға қарап малдас құрып отырады. Ауылдың біреуі келіп шақырады.
3.    Егер жолаушы ауылға жақындап, аттан түсіп, оны тұсап, өзі жаяу келсе ол да дұрыс, құрмет саналады.
4.    Жолаушының ауылға соқпай жанамалап өтіп кетуін басынғандық, сыйламау, не жөн білмеу есебінде айыптап, ұрлық жасап, не тәртіп бұзып жүрген адам деп күмән келтіру кінә емес.
5.    Жолаушы (қонақ) үйге кірерде қару-жарағын босағаға сүйеп кетеді.
6.    Хан ордасына енген адам қолына қамшы да ұстамауы шарт.
7.    Қонақжайлық дәстүрі бойынша құрметті қонақ келсе үй иесінің өзі аттан түсіріп, не балалары, әйелі, қызы қонақтың атын байлайды.
8.    Кез-келген қазақ үйі жолаушыға құдайы қонақ тамағын беріп, төсегін жайлауға тиіс.
9.    Үй иесі - отағасы қонақасы беруден бас тартса жолаушы сол елдің биіне барып арыз айтып ат-тон айып алуға хақылы.
10.     Кез-келген жолаушы (қазақ болуы шарт) «Атамыз Алаштан қалған бөлінбеген еншіміз бар» деп түскен үйінен «қонақасы» талап етуге хақылы.
11.    Егер жолаушы осы шарттардың бәрін орындап, ал ауыл иелері қонақасы бермесе сол елдің биіне барып арыз айтып «ат-тон» айыбын алады.
12.    Ауыл иелері сыйлы жолаушыларға, қонаққа деп арнайы үй тігеді, жағдайы бар бай қазақтар «қонақ үй» ұстайды.
Жоғарыда аталған «Алаштан қалған бөлінбеген енші» жайы да бұл заманда жалпыға бірдей мәлім бола бермес. Ата-баба дәстүріндегі бұл жөн-жоралғы да білмек үшін ғана емес, тәлім-тәрбие жағынан игілігі зор көрін-гендіктен атап өтелік.
Қазақтың түп атасы Алаш қартайған уақытында үш баласына (Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс) енші бөліп, өзіне бір бөлігін алып қалыпты. Өлім алдында балаларын арыздасуға шақырып қолындағы бір бөлікті тағы беріп, «бөлінбеген еншілерің болсын» депті. (Біздің заманғы «Ұлттық қор» сияқты, сірә). Жолаушы жүрсеңдер, көшіп қонып жүрсеңдер, қиындық көрсеңдер, аяқ-табақтарыңды, жейтін малыңды алып жүрмеңдер, осы үлестен бір-біріңе қонақасы беріңдер деп тапсырса керек. Осы себептен қазақ баласы «Алаштан қалған бөлінбеген еншім бар» деп біледі.
«Бөлінбеген енші қағидатына сәйкес, кез-келген қазақ шаруашылығы жұттан, не жаугершіліктен тозса, қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Соғыстың кезінде жау шапқан рулар, өзге елден жылу талап етуге хақылы. Әркім өзінің мүмкіндігінше көмектеседі.
Кез-келген қазақ отбасы, не ата баласы шаруашылығына көмек сұрап (құн төлеу, қалың мал беру, жасауға) бірге қонып, бірге жайлап жүретін көрші ауылдардан, отбасыларынан көмек сұрауға хақылы.
-  Егер кедейлеу отбасының бір үлкен малы кездейсоқ өлсе (мысалы, құдыққа құлап) онымен жақын отырған көрші ауылдас ағайындары «он екі жілік» деп көмек көрсетуі шарт.
- Егер бар болып отырып, алыс-жақын ағайын немесе қаймана қазақ нашарға көмек бермесе, кемі ат шапан айып салынады, зоры қоғамдық жиындардан шеттеледі.
- Бәйгеде аты озып келген адам, елдің үлкендеріне, қатарлас адамдарына сый көрсетуге, олжадан бөлісуге міндетті - деп бұйырылыпты «Жеті жарғыда». Ата-бабадан мирас - жомарттық үлгісі бұл заманда да ілуде бір дегендей сирек болса да, жоқ емес.

Құрсақ шашу - бұл дәстүр бойынша жас келін жүкті болғаны белгілі болса, оның енелері (ол замандардағы көп әйел алу дәстүріне байланысты) абысын-ажындары, әйелдерді шақырып құрсақ тойын, құрсақ шашуын жасап, келіннің аман-есен қол-аяғын бауырына алуына, яғни босануына тілектестік білдіріп, шашу шашып, дастархан жайып, сауық жасаған. Жүкті болған жас келінді ұялмасын деп және тіл-көздің сұғынан сақтауды ырымдап «күмәнді», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады екен.

Қымызмұрындық
- бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Оған ауыл ақсақалдары, көршілер шақырылады. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Қымызмұрындыққа шақырылған адамдар соңыра бие ағытылар кезде соңғы қымызға және шақырылады. Ал бұл дәстүр сірге мөлдіретер аталады. Кей жерлерде бұл дәстүрді сірге жияр деп те атайды.

Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл» деп Абай жырлағандай, бұл дәстүр ескілікте қызға құда түсіп, қалың малы төленген күйеудің қалыңды-ғын алғаш көруге келген тойы. Бұл дәстүрдің тағы бір атауы «ұрын келу».

Мүше алу - жас жігіттер атпен келіп жеңгелерінен мүше сұрайды екен. Жеңгелері оған орамал, сақина, айна сияқты «мүше» береді. Жігіт оны ала қашып, өзі ұнатқан қызға апарып беруге, басқа жігіттер қуып алып қоюға тырысады.
Салбурын - аңшы саятшы жігіттер топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығады. Алған олжа теңдей бөлінеді, одан ауыл ақсақалдарына да жоралғы жасалады. Бұл ептілікті, ерлік пен азаматтықты сынайтын жол саналған екен.
Саумалық - Наурыз туып, жер көктеп, күн жылынғанда өлеңмен айтылатын дәстүрлі тілек,
«Саумалық, саумалық,
Жаңа келген жақсылық.
Жаңа келген береке,
Жаңа келген мереке.
Көрмедік пе,
Көрдік пе?» - деп масайрайды екен бұрынғының қазағы.
Сауын айту - бір елде ас, үлкен той болатын болса ол туралы күні бұрын бірнеше ай, жыл бұрын жан-жаққа хабар жолданып, сауын айтылады. Мұның мәнісі жиынға келетін әр ел батыр палуанымен, жүйрік ат, ақын, жыршысы-мен сойыс, сабасымен келсін дегені екен. Яғни сауын айтылған жиын көптің күшімен атқарылатын болған. Ескідегі қазақ қоғамында Сауын алу деген де салт болған. Малы жоқ адамдар ауқатты адамдардан сүтін пайдалану үшін «сауынға» деп белгілі бір мерзімге сауа тұратын бие немесе сиыр сұрап алады. Сауын алушы алған малын төлімен аман әкеліп тапсыруға кепілдік береді екен.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді»  дегендей адамдар арасындағы ізгілік қасиеттерді үлгі тұтқан халқымыз үшін сәлем беру салтының мән-мәнісі зор. Әрине, бұл салт үрдістен бүгінде қол үзбегеніміз белгілі. Күнделікті тұрмыс-тірлікте жаппай қолданыста болмағанмен келіннің сәлемдесуі сынды ізеттілік салты да сақталған. Бұлармен қабат қазақта сәлем қылудың тағы бір түрі бар. Егер адамның мойны құяң болып, басын бұра алмай қалса, сол адамның сыртынан сәлем берсе құяңы жазылып кетеді деген сенім болған.
Жомарттық, кеңпейілдік деген бүгінгі қазақ бойында кемшіндеу тартып бара жатқан қасиеттерге шақыратын салт-дәстүр атам заманда көптен де көп көрінеді. Өйткені атам заманғы қазақтың өмір салтының өзі тұтастай дерлік жомарттық, қонақжайлық, т.б. толып жатқан ізгі қасиеттерімен мәнді-мағыналы көрінеді.
Қазақ болып жомарт болмау, қонақжай болмау, адал да ізгілікті болмауға мүмкін еместей. Мұны жоғарыда келтірілгендей кез-келген қазақ түскен үйінен «қонақасы» талап етуге хақылы деген «Жеті жарғы» қағидатынан аңғаруға болады.
Қазақ баласын жомарттықтан, кеңпейілдіктен тайдырмаған сондай дәстүрдің бірі Сыралғы деп аталған. Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшы, саятшыдан сыралғы сұралған. Мәрт қазақ мұндайда сұраушының сөзін жерге қалдырмаған.
Тоқымқағар - жас жігіт алғаш жолға шыққанда жасалатын бас қосу. Мұндай басқосуда арнап мал сойылып немесе сыйлы мүшелер салынып ет асылып, ойын-сауық құрған. Бұл алыс сапардан ат-көлігі аман оралсын деген ниеттен туған. Сірә, бүгіндегі әскерге шығарып салу кеші сияқты болса керек.
Төркіндеу - ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайылап баруы.   Төркіндеп келген қызды барша туған-туыстары қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалағанын беріп шығарып салуы тиіс болған. Төркіндеу ұзатылған қыздың баршасына парыз саналған және төркіндеу мүмкіндігі бір-ақ рет берілген.
Түйемұрындық - ұзатылып бара жатқан қыздың атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап жолда отырған ауыл адамдарының кәде сұрауы. Қыз кәде беруге тиіс. Кәде алған жұрт оған бақыт тілеп, батасын берген. Бұл бүгіндегі «Арқан керуге» ұқсас ғұрып сыңайлы.
Бүгіндегі «Қыз ұзату» тойының кәде-қауметі де аз көрінбейді. Дегенмен олардың көпшілігінің ата-баба салт дәстүрімен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын» да көріп жүрміз.
Ескілікте Шарғы деген дәстүр де болған екен. Бұл дәстүр бойынша ұзатылған қыз өзінен кейінгі сіңлісіне басына тартатын орамалын береді. Бұл ендігі кезек сенікі «бақытыңды тап» дегенді білдіреді. «Шарғы» салынған қызға жеңгелері, замандастары бас қосып, тілек білдіріп келіп шәй ішеді екен.
Ілгеріде Ілу салу деген де дәстүр болған. Жаңа түскен келінге барған жерінде үйін көрсету ағайынға міндет болған. Жас келін шақырған үйге көйлек, киім-кешек, мата, кілемше сияқты тартуын ала барған. Соны ілу салу атаған. Күйеу бала да қайын жұртына барғанда ілу салған. Жас келінге ағайындардың үй көрсету дәстүрі қазір де бар. Дегенмен бұл көпшілік қолданыста ілу салу деп аталмайды, шамасы. «Келінді шақырып шәй беріп жіберейік деп едік, шәй беріп жібердік» деп білместікпен, шұбалтып жатқаны.

 

 

Пікірлер 

 
+2 #13 акниет 2014-10-15 16:34 Дәйексөз жазу
 
 
-6 #12 meruert 2014-05-09 19:00 Дәйексөз жазу
 
 
+1 #11 Сапарбаева Назерке 2014-04-01 16:25 Дәйексөз: нұртас Исмаилов:
қазақтың осындай салт дастурі бар ағайындар әліде кеш емес ойланыңдар

Қыздар әлеміне сенде кіріп кеттің ба не?
Дәйексөз жазу
 
 
+3 #10 Акмарал 2014-03-05 06:09 маған қазақтың салт-дәстүрлері ұнайды және қазақтың дәстүрі басқа ұлттардан өзгеше. Солай ғой!!! Дәйексөз жазу
 
 
+6 #9 дана 2013-04-17 16:28 мұндай салт-дәстҮ рлер ҚАЗАҚТАН басқа кімде бар дейсіңдер!!!!!! өте керемет ДӘСТҮРЛЕР Дәйексөз жазу
 
 
-4 #8 нұртас Исмаилов 2013-03-19 05:24 қазақтың осындай салт дастурі бар ағайындар әліде кеш емес ойланыңдар Дәйексөз жазу
 
 
0 #7 оспан 2013-03-15 03:12 [quote name="оспан"]Қазақтын салт дәстүрлері өте керемет Дәйексөз жазу
 
 
+3 #6 оспан 2013-03-15 03:11 Қазақтын салт дәстүрлері өте керемет Дәйексөз жазу
 
 
+5 #5 dilnaz 2013-03-13 03:22 Дәйексөз: Жанека:
Қазақтын салт дәстүрлері өте керемет!!!!!

қазақтың салт-дәстүрі-ай
Дәйексөз жазу
 
 
-12 #4 шырын 2013-03-11 19:39 vfk
мал
Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:570
Кеше:1699
Барлығы:3036692