«Ұлттық тәрбие бастауы отбасынан» тақырыбындағы сұхбат

«Балалар үйінің, балабақша және мектеп бүлдіршіндерінің арасында мемлекеттік тілді, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған іс шаралар өткізу» жобасы аясында «Қыздар әлемі» порталының қонағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты редакциялау және аударма бөлімінің сектор меңгерушісі Жұматаева Қарлыға Рамазанқызымен жүргізілген
«Ұлттық тәрбие бастауы отбасынан» тақырыбындағы сұхбатты      ұсынамыз:

-    Қарлыға Рамазанқызы, отбасында балаға ұлттық тәрбие беруді қандай тәрбиелік мәні зор қасиеттермен сабақтастырасыз?
-     Халқымызда дәмге үлкен мән беріліп, «дәмнің жолы үлкен»,
«дәмнен аттап өтпе» деген сөздер бар емес пе. Қазақты басқаға танымал еткен қасиеттерінің бірі – қонақжайлылығы да оның мейманға ұсынар дәм-тұзының дархан көңіліндей кең, мол болуы. Осы қасиетімізді жас ұрпақтың бойына ерте бастан сіңіру үшін үйде баланың дәм-тұзға, дастарханға деген құрмет сезімін қалыптастыруға баса мән беру қажет. Мысалы, дастарханды баспау, оны ұқыптап-таза ұстауға үйреткен жөн. Алдыңа тамақ келгенде одан алдымен үлкендердің ауыз тиюін күтіп, содан соң ғана тамаққа қол созу, тағамға бата жасалғанда, дастархан басында міндетті түрде отыру секілді әдеттерді баланың қатаң ұстануына баса мән беру қажет. Мұның өзі маңдай термен табылған тамақтың қадіріне жету, үлкендерді құрметтеу сияқты тәрбиелік мәні зор қасиеттермен сабақтасады.
-    Баланың сөйлеу мәдениетін дамытуда жеті атасын үйрету маңызды екені айқын...
-    Баланың бойында үлкенді құрметтеу сезімін кішкене жастан бастап қалыптастырған жөн. Мысалы, үйге үлкен кісі келгенде, алдынан шығып сәлемдесуге, үлкен адам хал-жағдай сұрағанда, оған байыпты түрде тиянақты жауап беруге үйрету керек. Айталық, аты-жөнін, жеті атасын сұрағанда, бала оған дәл, нақ жауап бере алуға тиіс. Бұл да біздің ұлттық тәрбиемізбен және баланың ақыл-ойын, сөйлеу мәдениетін дамытумен астасады.
-    Ұлтжандылық, отаншылдық сезімдерге тәрбиелеудің қайнар көзі неден бастау алу қажет?
-    Ұлы Абай «Атаның ұлы болғанша, адамның ұлы бол» деген емес пе? Балада отаншылдық, ұлтжандылық сезімдерді тәрбиелеудің де маңызы зор. Мысалы, күні кеше Алматыда бокстан әлем чемпионаты өтіп, біздің төрт спортшымыз алтыннан алқа тағып, еліміздің мерейі асқақтап, туы көкке көтеріліп, әнұраны ойналды. Сонда біздің балдырғандарымыз жарыстың тура төрінде емес, оны теледидардан көріп отырса да, әнұран ойналған кезде орнынан тұрып, алақанын жүрегіне қойып, оған зор құрмет білдіріп тыңдаса, қандай ғажап?! Бұл спортшыларымыздың ел намысын қорғаған ерлігіне ғана емес, біздің ұлттық рәміздерімізге деген құрметтің де белгісі. Баланы отансүйгіштік, ұлттық рухта тәрбиелеуде осындай кішкентай детальдардың маңызы үлкен.
-    Өнер – халықтың қазынасы, мәдени мұрасы. Ұлттық өнерге баулу жөнінде айтып өтсеңіз.
-    Барлық баланың өнерге қабілеті бола бермейді. Бірақ, солай деп баланы  ұлттық ою-өрнек, музыка аспаптарының ерекшеліктерінен хабарсыз қалдырған жөн емес. Бала өнерге қабілетсіз болса да, өз халқының мәдени мұрасы туралы білуге, кеңінен хабардар болуға тиіс. Ал қабілетті болып, оны тереңдеп үйреніп, дамытуға талаптанып жатса, құба-құп.
-    Отбасындағы тәрбиенің ұйытқысы – ана ретінде  балаға ұлттық болмысын сездіруде тағы қандай нәрсені негізге алу қажет деп ойлайсыз?
-    Баланы әдеби кітап оқуға бейімдеу туралы да осыны айтуға болады.
Біз ертегіні, мультфильмді қазіргі ортамызбен, ұлттық ерекшелігімізбен байланыстыра ұғындырсақ, сол жолда ерінбесек, оның тәрбиелік мәні зор болар еді әрі бала өнерге, әдебиетке өзінің ұлттық болмысын сезініп келер еді. Мұнда, ең бастысы, баланы дұрыс бағыттап, жолға салып жіберу. Қойған сұрақтарына қолдан келгенше жауап беру, тіпті ол сұрақтың жауабын білмегеннің өзінде, оны бірлесіп іздеу. Менің ойымша, осының барлығы бала тәрбиесінде ұлттық негізімізді сақтап қана қоймай, бала мен ата-ана арақатынасын жақындатуға септігін тигізеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілде таспаланған мультфильмдеріміз көрсетіліп жатыр. «Алдар көсе», «Құйыршық», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Аңшы» мультфильмдері мен «Ер Төстік» ертегісін отбасымызбен отырып көреміз. Сонымен қатар «Балапан» телеарнасынан көңілге қонымды, баланың сана-сезіміне оң әсерін тигізетін және қызғылықты ұлттық, танымдық бағдарламаларды қарап тұрамыз. Бүгінде мемлекеттік тілде осындай хабарлардың көбеюі ел егемендігінің жемісі дер едім. Егемен елдің төрінде ұрпағымыздың болашағы жарқын болып, ұлтын сүйер тәрбиелі ұлдары мен қыздары көп болсын!
-    Әңгімеңізге үлкен рахмет!

 


Сұхбатты жүргізген:
БҚМУ баспасөз хатшысы
Рита Сұлтанғалиева

 

Пікірлер 

 
0 #3 Аруназ 2013-11-30 05:36 Cұхбатта айтылған ұлттық-тәлім тәрбие туралы ой-пікір бөліскеніңізге рахмет. Дәйексөз жазу
 
 
+1 #2 Құбаева Бұлбұл 2013-11-23 20:18 Қадірлі Қарлыға Рамазанқызы, ашық әңгімеңізге үлкен рахмет! Қазіргі қоғамда сіз айтқан пікірлер маңызға ие. Осы сұхбатты оқи отырып, түйгенім: әр баланың бойына жасынан ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілі мен ділін дәріптесе,ұлтым ыздың келешегі кемел болмақ. Дәйексөз жазу
 
 
0 #1 Зданова Жулдыз Бакты 2013-11-14 05:47 Құрметті Қарлыға Рамазанқызы, мәнді де мағыналы пікірлеріңізге рахмет. Сіздің айтқан ойларыңыз, соның ішінде көп адам аңғара бермейтін отбасында ұрпақ тәрбиелеудегі дастархан мәдениеттілігі жөніндегі пікіріңіз бізге болашақ педагог маман ретінде де, болашақ ана ретінде де зор пайдасын тигізері анық. Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:568
Кеше:1699
Барлығы:3036690