С. Балғабаев драматургиясындағы қазақ әйелі образының бейнеленуі

Қымбатты бойжеткендер!
Сіздерге драмадағы қыздар бейнесі туралы «С. Балғабаев драматургиясындағы қазақ әйелі образының бейнеленуі» тақырыбындағы  материалды ұсынғымыз келеді. Өмір шындығын өнер шындығына айналдыратын көркем әдебиеттегі сан қырлы кейіпкерлер – сіздің де сүйікті қаһарманыңыз. Театр залында  көрермен болып, қойылымды тамашалап үлгермесеңіз, оқырман болып, драмадағы қазақ қыздарының образы, ұлттық болмысы бейнеленген туынды талдауларын оқыңыз деген тілек білдіреміз. 
Ф.ғ.к., Р.Б. Сұлтанғалиева

Қазіргі қазақ драмтургиясы – қазақтың XX ғасырдағы классикалық әдебиеті дамуының заңды жалғасы. Драматургия – көркем әдеби тек (драма, трагедия, комедия) жанрларының өнернамалық жүйесі. Қазақ сөз өнеріндегі дәстүрлі негізі әдебиет шығармалары мен фольклор мұраларында (би-шешендер сайыстары, ақындар айтыстары, жар-жар, беташар, алтыбақан, т.б.) негізі қаланған ұлттық сөз өнерінің бұл саласы қазақтың рухани мәдениетінің әлем өркениетіндегі көрнекті орнын да танытты. Драматургия шығармалары қаламгерлердің тарихи кезеңдердегі халық тағдырын көркем шындық поэтикасы зандылықтары аясында бейнелеуімен ерекшеленеді. Драматургия туындылары (пьесалар, спектакльдер, либреттолар) арқылы әдеби тек саласы драма жанрларының (драма, трагедия, комедия) теориялық ерекшеліктері саралана айқындалады. Драматургия ұғымының аясында театр сахналарындағы туындылар мен деректі, ғылыми-фантастикалық, көркем фильмдердің де қойылымдық-режиссуралық көркемдік шешім ерекшеліктері айқындалады.
Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі салтанат құрған жылдары жазылып, бірқатары театр сахналарында қойылып келе жатқан әртүрлі такырыптардағы пьесалар классикалық драматургия жанрларының уақыт пен кеңістіктегі өміршең, ұлағатын    айғақтайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы-экономикасы дамыған, саяси-әлеуметтік  жаңарулар қызу жүріп жатқан, абырой-беделін бүкіл әлем мойындаған шынайы тәуелсіз мемлекет. Бұл – бәріміз үшін де мақтаныш. Бірақ,  кез келген елдің абырой-беделі мәдени-рухани саладағы дамуымен де өлшенетінін ешқашан ұмытпаған абзал. Ал мәдени-рухани салада театр өнерінің алар орны мен маңызы ерекше.
Театр-халықтың ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне ықпал ететін ұлы күш. Тетрдың аты өнер ордасы болғанымен, заты кәсіпорын, яғни тоқтаусыз жұмыс істеп, өнім беруге тиіс. Ал олардың шикізаты-драматургия, яғни жаңа пьеса [1, 4-б.].
Қазіргі таңда қазақ драматургиясында өзіндік ерекшелігімен танымал болған ірі тұлғалардың бірі – Балғабаев Сұлтанәлі Базарбайұлы. Ол  1946 жылы мамыр айының 21 күні Қызылорда облысының қазіргі Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген.
Сұлтанәлі Балғабаев еңбек жолын 1964 жылы туған ауылында шопан болудан басталған. 1971 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Бастау», «Жұлдызың жансын!», «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария», "Красная гармоны", "Тойдан қайтқан қазақтар", "Сағыныш пен елес", "Менің әжем сиқыршы", "Өтірік айтпайтын адам" атты прозалық кітаптардың авторы.
С. Балғабаев драматургия саласында да жемісті еңбек етіп жүр. Оның қаламынан туған «Ең әдемі келіншек», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Біз де ғашық болғанбыз» және басқа да пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық театрда, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында және еліміздің облыстық театрларында қойылған.
С. Балғабаев қазақ халқының ұлттық рухани мәселелері, ана тілдің тағдыры, әдебиет пен өнердің бүгіні мен болашағы туралы көптеген публицистикалық мақалалар жазған. Бұл шығармалары 1998 жылы «Қазақтың қызыл кітабы» деген атпен жеке жинақ болып шыққан.
С. Балғабаев драматург ретінде де кең танылды. Қазақстандағы театрлардың ішінде оның пьесаларын қоймаған театр жоқ та шығар. Осы күні оның драмаларын көрші республикалар да жарыса қойып жатыр. Алматыдағы М. Әуезов және Ғ. Мүсірепов атындағы драмалық театрларда Сұлтанәлінің бес бірдей пьесасы сахналанды. “Қыз жиырмаға толғанда”, “Ең әдемі келіншек” атты дүниелері ширек ғасырдан бері Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасынан түспей келеді. Оның қайсы дүниесі болса да ескерусіз, елеусіз қалған емес. Режиссерлер де драматургтің пьесаларына қызығып, құмартып тұрады. Мұның себебі, меніңше, Сұлтанәлінің драмалық шығармаларының кәсіби деңгейінің жоғарылығына, мінсіздігіне байланысты. Оның драмалары уақытпен үндес, заманауи мәселелерді дәл мезгілінде көтере алатын қасиетімен құнды. Жалпы, Сұлтанәлі қаламы нәзік лиризмге бейім. Көрермен көңіліне мысқалдап еніп, бірте-бірте біржола жаулап алатын мұңлы лиризм оның барлық шығармаларына ортақ қасиет. “Ең әдемі келіншек”, “Біз де ғашық болғанбыз”, “Ғашықсыз ғасыр”, “Әйелдер әлемі” тек С.Балғабаевтың ғана емес, қазақ драматургиясының табысы [2, 5-б.].
Оның «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Әйелдер әлемі», «Сағыныш пен елес» пьесалары еліміздің барлық театрлары мен Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан театрларында қойылып жүр [ 3, 117-б.].
Сұлтанәлі Балғабаев пьесаларының ішінде көп актіліге жататын шығармаларын кеңінен талдауға тырыстық. Осы ретті драмалық туындыларының біразы сахналанған шығармалар.
Біздің алға қойған мақсатымыз да – Сұлтанәлі Балғабаев драматургиясын (барлық жанрлық түрлері бойынша) жан-жақты талдап, драмасындағы заман шындығын бейнелеу мен заманына лайық жаңашыл кейіпкерлер әлемін сомдаудағы драматургтың қазіргі қазақ дрматургиясына әкелген жаңалықтары мен өзіндік даралық қолтаңбасын айшықтау болып табылады.
Жазушының «Біз де ғашық болғанбыз», «Қыз жиырмаға толғанда», «Ғашықсыз ғасыр» атты пьесаларында да еркек пен әйел арасындағы сан алуан кайшылықтар егізделген тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуал мәселелері қамтылған.

«Біз де ғашық болғанбыз» пьесасының сюжеттік-композициялық желісінде заманымыздың ең өзекті мәселесі – отбасы бірлігінің сақталуы нысанға алынған. Қыз бен жігіт кезінде бірін-бірі ұнатып қосылған көп жұбайлардың отбасын құрып бірге тұру сынағына төтеп бере алмай, о бастағы тұтанған, шын сүю сезімін, махаббатты қорғай алмай ажырасып кететінін, бірақ екеуі де тап сондай кайталанбас ғажайып шынайы сезімді өмір бойы аңсап өтетінін, ажырасқандарына өкінетіндерін автор пьеса кейіпкерлері Дәукен (Дәуітрахымбай) мен Зияда тағдырлары арқылы дәлелдеген.
Драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың 2 актілі,  4 суретті  «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің жауабы боларлықтай. Пьесасының сюжеттік-композициялық желісінде заманымыздың ең өзекті мәселесі – отбасы бірлігінің сақталуы нысанға алынған. Ер мен әйел арасындағы қайшылықтар, тұрмыстық-әлеуметтік жағдай сөз болады.
Үш бөлмелі су жаңа пәтер. Үй иелерінің жақында ғана көшіп келгендері байқалады. Бөлмеде биік стенка. Диван. Киім, стол, орындықтар. Дәукен телефонмен сөйлесіп отыр.  Осылайша басталатын драманың негізгі идеясы: адамның шынайы махаббаты. Тек қана бір бірінің адамшылық қасиеттерін қастерлеуге негізделуге тиіс екенін дәріптейді. Оқиға күтпеген кездесу не тағдырдың тосын сыйынан басталып, Дәукен (Дәуітрахымбай), Сарман, Айжан арасында өрбиді.
«Біз де ғашық болғанбыз» пьесасында, бірінші перденің көрінісіндегі Дәукен, Сарман, Айжан арасындағы диалог түп түгел байланыс. Мысалы:
Дәукен: Ау, жолдас... Азамат. Сіз кімсіз өзі?
Сарман: Мен бе? Мен –Сарманмын.
Дәукен: Сарман?.
Сарман: Сарман. Сарман Уайысов! Сіздерге көршімін.
Дәукен: Не?
Сарман: Көршімін... Міне, мынау отыз бірінші пәтер, құдай қаласа бүгіннен      бастап біздікі болады.
Айжан: Құрысын... көршіге жарыған екенбіз...
Сарман: Ал, сіздің атыңыз –Дәукен ғой? Солай ма?
Айжан: Солай. Начальник цеха...
Дәукен:  Ия...ия, тігін фабрикасында істеймін.
Сарман: Дұрыс, дұрыс, өте жақсы. Ал, мен «Зеленстройда» жұмыс істеймін.     Сендерді көріп сондай қуанып қалдым... көрші болғасын осылай қатынасып...араласып тұру керек... Айтпақшы, астымызда кім тұрады екен?
Дәукен:  Білмеймін
[4, 60-б.] –деген өзара әңгімесінен психофизикалық әрекет жатқанын көруге болады. Яки  бар пәленің бас себебі Дәукеннің (Дәуітрахымбай) алғашқы жары Зияда мен жеті жыл хабар-ошарсыз кеткен қызы Күнсұлумен көрші болуы, сонымен қатар, Сарман мен Айжанның бұл оқиғадан ешқандай күмәнданбауын нағыз пьесаның байланысы деуге болады.
Пьесаның екінші көрінісіндегі тартыс қолма-қол шешім шығаруға итермелегенмен,  Дәукеннің: «Ау, кім-ей мынау бажылдап жатқан? Бетіне жан келтірмейтін...жел жағынан адам жүргізбейтін бір сылқым бар еді-сол сіз? Ау, сізге не болған? Бізден құтылсаңыз көзіңіз ашылатындай...бағыңыз жанатындай...жеті шекпен киіп жетісіп қалатындай...бізден мың есе артық тамаша бай тауып алатындай боп едіңіз...дүниедегі еркек біткеннің бәрі данышпан...бәрі керемет...жалғыз оңбаған бар екен ғой...бұрыңғы байдан соңғы бай сорақы болады екен ғой... ақымақ!» [4, 64-б.] деген сөзінен аңғаруға болатын әрекеттері арқылы нағыз пендешілікпен адамгершіліктің  тартысқа түскен  сәті екенін көрсетеді.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сахналанған  аталмыш туындысы философиялық иірімдерге, ойлы оралымдарға бай, ірі тартыстар мен шамырқанған шарпысуларға толы мегзеулерге жетелейді. Адам, қоғам, халық өміріндегі әйелдің, ананың рөлін Зияданың бейнесі арқылы көрсетеді. Яғни, өмірдің тауқыметін көп көрген Зияданың аянышты тағдыры тұрмыстық дәлдікпен суреттеледі.
Зияданың: « ...Сен өз қара басыңнан басқа ештеңе ойламайсың  жеті жыл бойы көрмеген қызымды... Күнсұлуды да сұраған жоқсың ғой...» [4, 92-б.] –деген сөзі арқылы оқырман, көрермен қауымға ой салады. Осы сәттен бастап Дәукен мен Зияда арасында жас кезіндегі алғашқы сезімдер бой көтеріп, тіпті Дәукеннің Зиядаға үйленуге қайта ұсыныс жасауына дейін созылады.
Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Дәукен мен Зияда және бейкүнә сәбидің өмірінде өз үлестерінің жоққа шығуы, немесе кішкене қыздары Күнсұлудың ендігі мүгедектік өмірі екендігі аналық ой-арман мақсатының орындалмауы қоғамның, заманның келеңсіз жағдайларына әкеліп тірейді. Азаптан бойы арылмаған  Зияданың  бейнесі арқылы қазіргі қазақ қыздарынан шыққан аналар мен қатар Сарман сияқты-қайырымсыз әкелер тағдыры бейнеленеді.
Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар кездеседі, басында-үйі, бауырында-қазаны, алдында-малы, аясында-отбасы, жұмыр басты пенде осыдан өзге не тілейді деп ойлайсың. Дегенмен сырт көзге ғана осылай  көрінгенмен өз басына жетерлік жанұя жағдайы, өткен өміріндегі келеңсіз жәйттардың елесі немесе қазіргі тағдырындағы тап болған  мәселелері оны адам төзгісіз күйге түсіреді. Міне, дәл осы жағдайды пьесадағы  бас кейіпкер Дәукеннің өмірінен де көруге болады.

Пьесаның шарықтау шегіндегі  Дәукеннің: «Жоқ, сен жылайсың. Міне, көрдің бе, қазір де жылап тұрсың. Айтшы, біз мәңгі жасаймыз...мәңгі жасаймыз... Солай емес пе? Бәрі де ілезде... өмір де... тіршілік те... Бәрі де қасқағымда...сосын көрмейміз... Бір-бірімізді... көрмейміз... мың жылда да... Ешқашан да... Көрмейміз... Кездеспейміз... Солай емес пе? Ендеше бір-бірімізді неге аяймыз? Неге қатігез боламыз? Не  үшін? Бүйтіп өмір сүруге болмайды... Мен бәрін түсіндім...» [4, 122-б.] – деген монологынан  бәрі кеш екенін, олар ойлана келе ешнәрсені өзгертуге болмайтынын түсініп, көшіп кету туралы шешім қабылдап, өткен тағдырымен қоштасып, жаңаша өмірге қадам жасауға шешім қабылдағанын көруге болады. Қоғамымызда қанша жастар драматург кейіпкерлеріндегідей күйге түсіп, жас өміріне  балта шапты. Зияда секілді қаншама қаракөздеріміз өмірден опық жеді. Бір сөзбен айтқанда, «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қоғамда болып жатқан күрт өзгерістерге ілесе алмай, заманның сан қилы қысымына түсіп, өмірі өксікке толып, көз жастары көл болған жастардың тағдыры боямасыз көрсетіледі. Бұл пьеса арқылы   С. Балғабаев қазіргі қоғамдағы жанұя тәрбиесін, олардың іс-әрекетін шынайы көрсеткен.
Драматург С. Балғабаевтың бүгінгі заман адамдарының болмыс-бітімін, тіршіліктегі әрекетін өмірдегі өзіндік күресін көрсететін келесі тырнақалды туындысы – «Қыз жиырмаға толғанда» пьесасы. Бұл пьесаның тақырыбы –жастық шақ, махаббат, сенім сынды сөздерге саяды. Арудың қадірі кеткен заманда, адам адам болудан қалады.  Ал адамдар адам болудан кеткен қоғамда махаббатқа сенім, сыйластық, кішіпейілдік, адалдық деген тірек керек. Бұл шығарма махаббатқа тұрақты болу мақсатында адам бойындағы игі қасиеттердің жаңғыруына жол ашуын көздейді. Өмірдің сырын, бұл дүниенің мәнісін түсініп-түйсінген байсалды да байыпты ана Ғайнидың аналық махаббаты да көпке ой салады.  Драматург осы пьесасы үшін мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінің жүлдесін алған.
Сұлтанәлі Балғабаев «Қыз жиырмаға толғанда» атты  пьесасында оқырмандарға да, көрермендерге де кейіпкерлердің ұзақ-сонар әңгімеге салынбай, айтар ойын нақты айтып, мағыналы-мәнді болуымен ерекшеленеді. 
Пьесаны туған күн, шақырусыз келген қонақ, жаңа махаббатқа деген өшпес сенім сынды үш бөлімге бөліп қарастыруға болады. Осы бөлімдердің негізінде  пьесадағы оқиғалар туындайды. Пьесаға Жібек, Ғайыпберген, Гауһар, Есімсейіт, Ғайни, Тәукен секілді кейіпкерлер қатысады. Драматург пьесаның экспозициясында қысқы табиғат көрнісі арқылы қоршаған ортаның жан-жануарларын, тіршілік иелерін суреттей отырып, оны сақтауға үндейді.
Сахналық қойылымда режиссер басты кейіпкер Жібектің анасы Ғайнидың рөлдерін қысқартып,  тек қана ақыл-нақыл сөздерін сахнаға шығару арқылы  ақылдылық, байсалдылық , шыдамдылық секілді қазақ әйеліне тән  мінездерді терең аша білген. Ғайнидың монологы  арқылы қазақ  әйелінің ішкі психологиясын көруге болады.  Ал, есесіне  қоғамымызда белең алып бара жатқан Гауһар сынды арулар арқылы жеңіл жүрісті қыздарды  өткір сынға алады, көрермендерді одан жирендіреді
«Қыз жиырмаға толғанда» пьесасы адамның жүрек қалауы мен жұбайлық ғұмырдағы сыйластық, адамгершілік ар алдындағы жауапкершілік мәселесіне арналған.
Басты кейіпкерлердің бірі Ғайыпберген – тұрлаулы сезімі жоқ, өзіндік күнделікті ұсақ-түйек тұрмыстың мәселелерін шашу үшін өзін шын ұнатқан қыздармен, әйелдермен көңілдес болудан ләззат алатын, тіршілік қозғалысындағы адамдарда шынайы махаббат, шын беріле сүю сезімінің болуын мойындамайтын адамдардың жинақталған бейнесі.
Асыл, адал сезім иесі Тәукенмен диалогы да өмір шындығын көз алдымызға әкеледі:
«Әй, жігіт! Білесің бе, дүниенің бәрін бүлдіретін, болмайтын нәрсені ойлап тауып жұрттың басын қатыратын мына сендер сияқты адамдар! Әр нәрсенің шегі болуға тиіс. Ғашықтық та, махаббат та солай! Біреуді сүй, ұнат, бірақ соншалықты фанатик болуға бола ма екен?! Өмірдің қарапайым логикасы бар емес пе?! Екеуі де бірін-бірі жақсы көретін және екеуінің де тал бойына бір міні жоқ керемет адамдардың қосылуы неғайбыл. Және қосылған күнде де өмір бойы махаббаттары жалындап, бір-бірінің бетіне карап, Қозы Көрпеш-Баяндай болып өтеді деп пе едің?!» [5, 190-б.].
Ғайыпберген тектес адамдардың осындай жан ділі психологиясының ықпалымен тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы азғындаудың, тұрлаусыздықтың, селқостықтың, салғырттықтың адамдар қарым-қатынастарындағы опасыздықтың, екіжүзділіктің, т.б. жағымсыз қасиеттердің мол орын алып келе жатқаны анық. Жазушы осындай адамдарды тани білу керектігін ұғындырғысы келген.
Жазушының пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленген. Мысалы, «Ең әдемі келіншек» лирикалық-психологиялық әуенді пьесасындағы кейіпкерлер тағдыры қайшылықты тіршілік келбетін, әр алуан адамдар тағдырларын романтикалық және реалистік болмысымен көз алдымызға әкеледі. Пьесаның басты кейіпкері – Гүлбаршын. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргендер сол айтулы күнді атап өту үшін жиналып, тойлап жатқан қауышулар сәттеріндегі сезім өрнектері, тағдырлар тоғысуы – сахналық койылым жағдайына орайластырыла берілген. Басты кейіпкер Гүлбаршын мен жанама кейіпкерлердің (Абдолла, Алтай, Жиенбай, Мадина, Зухра) монологтары мен диалогтары арқылы – әйелдер мен еркектер арасындағы шынайы махаббат пен тағдыр ықпалындағы қарапайым жұбайлық ғұмырға көнетін тұрмыстық психология қайшылығы көрсетілген. Студенттік жылдарының алғашқы курсында он алты жастағы Гүлбаршын бірге оқитын Алтайға ғашық болған екен. Алтайға деген алғашқы махаббат сезімін ұмытпаған Гүлбаршынды аласапыран көңіл-күйдегі хал-ахуалымен көреміз. Өзі сүйген адамы Алтайға қосыла алмағандықтан, күйінішті болып жүрсе де, өлердегі сөзін айтып соңынан қалмай қойған Жиенбайға тұрмысқа шыққан, бірақ оның қызғаншақтығынан, ақыры сотталып кетуінен кейін жалғыз жүрген Гүлбаршын тектес тағдырларды елестетеді. Пьесаның сюжеттік-композициялық құрылысындағы Гүлбаршынның сырт сұлулығына, мінез тартымдылығына еліккен Абдолланың да, бұрынғы өзіне ғашық қыздың ықыласына қайта ие болғысы келген Алтайдың далбаса – екіұдай көңіл-күйі де сенімді өрілген. Пьесаның көркемдік түйіні – ғұмырдың сұлулығы өзіңді жақсы көретін адамның сезімі екендігін бағалау. Пьесаның көркемдік шешімін танытатын кейіпкер Жиенбайдың диалогтары мен монологтары әйелді жан-тәнімен сүйген еркектердің орынсыз қызғанышқа ерік беретініне де, маскүнемдікке салынатынына да, қызғанған адамдарымен төбелесетініне де, содан сотталатынына да кейіпкер тағдыры сендіреді. Бірақ, өзі ғашық болып қосылған әйелден ешқашан ажырағысы келмейтін, жылдар өтсе де қайта қосылудан күдер үзбейтін еркек махаббаты Жиенбай тағдыры арқылы жинақталып берілген.

Пьеса сюжетінің шешімінде адамдардың алып-ұшқан асау сезім құрсауына қанша түссе де, бәрібір тұрмыс заңдылығына бағынатындығы дәлелденеді. Өзіне өліп-өше ұмтылған Абдоллаға да, бір сәттік қайта оянған сезімін білдірген Алтайға да берілмей, қанша алабұртып толқыса да, өзіндік өмірлік тұрағына мәңгілікке оралған Гүлбаршын тұлғасы арқылы тиянақты шешімді тектес адамдардың мінез-құлық психологиясы көркем шындықпен жинақтала көрсетілген.   
Сұлтанәлі Балғабаевтың қаламынан туған «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғашықсыз ғасыр», «Ең әдемі келіншек», «Құдағилар», «Қыз жиырмаға толғанда...» сыңайлы пьесалар өз оқырмандары мен көреремендерінің шынайы ықыласына бөленген туындылар. Аталған пьесалар республикалық, облыстық драма театрларында көптен бері сахналанып келеді. Оның қаламының ұшынан дүниеге келген пьесаларының тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Трагедия, драма, комедия деп бөліп жармай, қаламгер қоғам, өмір, орта ұсынған қайсыбір мәселелерді болмасын сахна төріне ыңғайлауда, өзінің жеке-дара жазу стилін қалыптастырған суреткер, драматург. Бұл пьесаларды көру арқылы оқырман өз заманының құбылыстарын, пендешілікке салынған адамдар бейнесін және  әр пенденің жан дүниесінен кездесетін жақсылы-жаманды мінездерді көре алады. Драматург өз шығармаларын қазақ театрының (кей жағдайда нақты режиссер мен актерлердің) мүмкіндігіне лайықтап жазады. Сұлтанәлі Балғабаев: « Біз соңғы кезде елімізде мемлекеттік идеология болу керек деген мәселені көтеріп жүрміз. Мемлекеттік идеология теңіздің арғы бетінде жатқан Америкада да бар. Ал идеологияны қалыптастыратын мәдениет пен әдебиет екенін ұмытпағанымыз абзал. Мемлекеттік идеологияны қалыптастыруды қолдамайтындар – ұлттың бірлігін ойламайтындар» [8, 5-б.] – деген  болатын.  Ал өз шығармаларында әдебиет пен мәдениетті ұштастара білген, өмірдегі сан алуан құбылысты танытуда да әдебиетті байыта отырып, мәдениетті биік шыңға көтеріп жүрген драматургтың шеберлік  қырлары барлық пьесасынан да көрінеді. 
Жалпы замандас тақырыбынан ой қозғайтын пьесалардың сахнада өздерін көргісі келетін жас көрермендер психологиясына тигізер ықпалы зор. Драмалық шығармалардағы кейіпкерлер тұрмыс-тіршілігінің, мінез ерекшелігінің, өтіп жатқан оқиға құбылыстарының олардың санасына шынайы жетуінде қызмет атқаратын негізгі тұлға драматург десек, ұлттық драматургияда өзіндік қолтаңбасын анықтаған С. Балғабаев шығармалары академиялық және отбасылық театрлардың репертуарларынан берік орын алып келеді. Оның қаламынан туған дүниелер романтикалық, лирикалық сипатымен, кейіпкерлер жан дүниесінің тазалығымен ерекше. Драматургтың негізгі мақсаты – әрбір әйелдің ішкі әлемін айқара ашып, оның жан сұлулығын нәзіктігі мен адамгершілігін паш ету [ 7, 331-б.] .
Драматург пьесаларының кез-келгенін алсақ та, оның әрқайсысынан біз заманға лайық кейіпкерлердің  шынайы бет бейнесін көреміз. Өйткені драматург жазған пьесалардың бәрі сахнаға лайықталып жазылғандықтан, режиссердың қатаң өзгертуіне ұшырамастан сахналанып жүр. С.Балғабаевтың барлық драмасынан, мейлі ол 80-90 жылдардағы жазылған пьеса болсын, тіпті тәуелсіздік алғаннан кейінгі бүгінгі қоғамда жазылған пьеса болсын, одан әрдайым заманның бейнесі сезіліп тұрады. Драматургтың өзіндік ерекшелігі деп те осы қырын айтуға болады. Еліміз егемендік алған жылдан бері театр репертуарындағы тарихи  қойы-лымдар, драма, трагедия, комедия жанры ерекше дамып келеді. Сол жеткен жетістіктердің арасында Сұлтанәлі Балғабаевтың да алар орны зор.
С. Балғабаевтың жазған шығармаларының барлығы да театр сахналарында қойылып, репертуарлардан берік орын алған. Оның шығармашылық тілі көркем, көрермендер мен оқырмандарға терең ой салатын заманауи пьесалар.              

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Смағұл Е. Жапан дейді ел оны. // Әдебиет айдыны. №39. 2006 жыл.
2. Баққожа М. Мөлдір мұң.  // Егемен Қазақстан №10. 2006 жыл.
3. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы. Аруна, 2005. –573 б.
4. Балғабаев С. Біз де ғашық болғанбыз. Астана. – Ақарман, 2008. - 250 б.
5. Балғабаев С. Ең әдемі келіншек. – Алматы. Ана тілі, 2006. -272 б.
6. Манарбекқызы М. Жетісудан жеткен кеш. // Қазақ әдебиеті №39 (3203). 2010 жыл.
7. Қазақ сахна өнері. Тәуелсіздік кезеңі. Ұжымдық монография. – Алматы. Кие, 2009. - 488б.
8. Өмірзақұлы Е. Мәні кеткен мәдениет. // Жас қазақ №18. 2008 жыл.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:293
Кеше:2077
Барлығы:2759184