«Ұстаз» деген ұлы есімді иелену де – ұлы іс

Қыздар әлемі» порталының қонағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиевамен сұқбат

-Жас ғалым,  жас ұстаз ретінде көп жас үлгі тұтар жандардың бірісіз. Ұстаз болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба? Өз өмір жолыңызға тоқтала кетсеңіз.

- «Ұстаз» деген ұлы есімді иелену де – ұлы іс. Нағыз ұстазға шәкірттері береді ғой бұл есімді. «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан болады» деген Абай атамыз. Адамды адамдыққа тәрбиелейтін мамандық иесі атану да оңай емес деп ойлаймын. Мен нағыз ұстаздардан білім алдым, олардың тәлім-тәрбиесін, тағылымын көрдім. Ұлағатты ұстаздардың мақтан тұтар шәкірті болу бақытына ие болған жандардың бірімін. «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпайды» деген Боэций сөзін жадымда ұстап келем. Әлі де ұстаздар алдында мәңгілік шәкіртпіз. Шәкірттерге білгенімізді үйретіп жүріп, өзіміз де үйреніп келеміз. Әкем ұстаз болды. Мұғалім мамандығын өзі таңдатқан жоқ. Балаларының барлығы қалаған мамандықтарын алды. Ол кісі нағыз ұстаз болатын. «Менің қызым өскенде профессор болады» дейтін. Математик деп түсінетінмін ол сөздің мағынасын. Сол кездің өзінде әкем маған үлкен мақсат қойған екен ғой. Кішкентай кезімде қуыршақ ойнағаным есімде жоқ, «мұғалім» болып ойнайық деп бастайтынмын және оқушы болмайтын едім. Өзім білген нәрселерімді сұраймын, білмесе «екі, отыр» деп образға кіріп кететін кездерім есімде. Балалық қой... Бұл мамандықты таңдауыма отбасында әкем үлгі болды. Одан кейін мектепте, университетте білім алған ұстаздарым. Соңғы қоңырау мерекесін ерекше күтетінмін. Мақтау қағазын әкеп, әкеме қуаныш сыйлайтынмын. Сол салтанатты жиындарда ұстаздар қауымына ерекше тілектер айтылып жататын. Мынадай  ұлағатты сөздер саған айтылу үшін, жай мұғалім болу аздық ететіндігін де түсінетінмін. Өзім туып өскен жердегі Бұлан орта мектебінде, одан кейін қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы № 11 Дарынды балаларға арналған мектепте білім алып, сол мектепті үздік бітірдім. Бұл мектеп мен үшін үлкен өмір мектебінің бір бөлігіндей болды. Білім берген ұстаздарым мен тәрбиешілеріме алғысым зор. Үнемі айтып та жүрем. Мектепте 11-сыныпта оқып жүрген кезім. Республикалық Дарын орталығына бардық. Ол кезде пән  олимпиадасы жеңімпаздарын оқуға жіберетін. Алматыдағы екі үлкен қара шаңырақ Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары дәріс оқыды. Ерекше әсермен қайттым. Осы кезден бастап, Алматыда оқимын деген нақты шешім қабылдадым. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түстім. Университет деген қасиетті орынның табалдырығын аттап, алғашқы дәріске келдім. Ең алғашқы дәріс профессор Серік Мақпырұлының «Әдебиеттануға кіріспе» деген курсынан өтті. Алдыңғы қатарда, ең бірінші партаға жайғасып, ағайдың айтқандарын мұқияттап тыңдап, жазып алдым. Үйден дайындалатын сұрақтарға мықтап дайындалып келу керек... Сабақ біткен бойда ағайыма бардым. Ұстазым бірден таныды. Аты-жөнім Сұлтанғалиева Рита. Өткен күзде «Дарын» орталығында болып, «Жазушының шығармашылық зертханасы» тақырыбында дәрісіңізді тыңдағам» деп бастап жатқаным, «Оралдың қызысың ғой, ұмытқан жоқпын. Жайықтың қыздарының мықтылығын дәлелдейтін бол. Талантты шәкіртім деп мақтанып жүретіндей!» деп жылы қарсы алғанына қатты қуанғаным есімде. Студент кезімде көптеген ғылыми жарыстарға қатыстым. Барлығында ағайым ғылыми жетекшім болды. Менің жазған шимайымды түзеп, бірақ бір түзейтін, келесіде ол қателіктер орын алмайтындай. Талап та қоя білді. Нағыз ұстаздың талап үдесінен шығу үшін тырысатынмын. Студент кезімде республикалық ғылыми басылым «Ұлт тағылымында» мақалаларымды шығарған. Мүйізі қарағайдай ғалымдардың еңбектері жарияланатын ол кезде. «Ғылымға адал бол» деп отыратын үнемі. Ғылымға ең алғаш жетектеп келген де осы ұстазым. Университет бітіріп, аспирантурада қалдым. Бір мемлекеттік грант бөлінген. Емтихан тапсырып, оқуға түстім. Серік Мақпырұлы ғылыми жетекшім болды. Диссертация тақырыбы бекітілді. Қызу жұмыс та басталып кетті. Ағай маған жүйелі жұмыс жасауды үйретті. Жоспарды құрып, әр бөлімін қашан көрсететінімді бірден айтатын. Жазған нәрсемді тексеріп, ұсыныстарын да жазып кететін. Мазмұны мен ғылымилығымен қатар, стильге үлкен мән беретін. Осындай ретпен жыл жарымда диссертациямды ерте бітіріп, кафедрадан талқылаудан сәтті өттім. Диссертациялық кеңестердің уақытша жабылған кезі. Уақытты жоғалтпай,  ағайым мені жетектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге алып барды. Қорғаудың жүйесі бойынша қайта емтихан тапсырып, талқылаудан өттік. Алдымен жұмысыммен танысып, одан кейін өзіммен танысқан ұстазым, қазақ ғылымы алыптарының айтулы өкілі, әдебиетші ғалым, нағыз академик Тұрсынбек  Кәкішевке сол күннен бастап шәкірт болу бақыты бұйырды. Ол кісінің орнына кей кезде сабаққа кірген кездерім болды. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» курсынан береітін, барымды салып, дайындалып баратынмын. Студенттерге қызық шығар, кіп-кішкентай апайдың сабақ бергені, сұрақтарын аямай қоятын, сабақ біткеніне қарамай. Бұл университет қабырғасындағы бір жылда біраз шыңдалдық. Жұлдыз боп келіп, төмен түспеу үшін, білімді болудың аз екенін, еңбекқорлық пен табандылықтың қажет екендігін түсіндім. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қазіргі қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми сараптаудан өттім. Кафедра меңгерушісі ол кезде университеттегі ұстазым Серік Қирабаев болатын. Ол кісі мен әдебиетші ғалым Н. Ғабдуллин Серік ағайымның ұстаздары. Әсіресе Нығмет Ғабдуллин туралы: «Нықаң асылдың сынығы, адамгершіліктің символы ғой», - деп отыратын. Үш бірдей ғылыми мектептен  өткенім мен үшін үлкен мақтаныш. 2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, туған өлкем Орал қаласына келдім. Осы кезден бастап М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қызметтемін. Оқытушы болып бастап, жаймен өсіп келеміз. Ұлы ұстаздарға шәкірт боп, өзіміз де шәкірт тәрбиелеп келеміз. «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деген М. Әуезовтің сөзін әрбір ұстаз жадында жүруі тиіс. Қазақтың Қабдоловы атанған Зейнолла ағайымыздың керемет сөзі бар: «Асылы жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек. Университет адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет – елдің есеюі». Мұндай қастерлі орында қызмет ету де үлкен жауапкершілік. Ұстаздықпен қатар ғылыми ізденісті де жетілдіріп отыруың қажет. Сол жолда талпыныс жасап келем. Бұл университет менің білім мен ғылым жолындағы жетістіктерімді жалғастырды. Батыс Қазақстан облысы жастар премиясының 2010 жылғы лауреаты, «Үздік жас ғалым» номинациясын иелендім алғашқы жылдарда. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атандым (2010-2012 жж.). 2014 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы,  2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Аз да болса осындай табыстарға қол жеткізіп келем.

-2014-2015 оқу жылында «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» қатарына енгеніңізде, студенттер қауымы қатты қуанғаны есімізде. Аталған гранттың сіз үшін маңыздылығы неде?

-Бұл грант ғылыми ізденісте үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстандық ғылыми зерттеу жұмыстарын, соның ішінде қазақ әдебиетін, классик қаламгерлер туындыларын шетелде насихаттау мақсатында аударманың, әдеби байланыстар орнатудың  маңыздылығын ескере отырып, монографиялық еңбегімді түрік тіліне аударттым грант қаражатымен. «С. Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиям Түркияның Анкара қаласында түрік тілінде жарияланды. Бас редакторы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглы. Монография Анкара қаласында «БЕНГУ» баспасынан басылып шықты. Түркия астанасының барлық кітапханалары мен ЖОО–ларға таратылды. Анкарада өткен халықаралық «FUARI» кітап жәрмеңкесінде  де таныстырылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ТҮРКСОЙ орталығының ұйымдастыруымен зерттеу еңбегімнің тұсаукесері қазақ және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен болатын.

Аталған шараға Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жәмилә Кынаджы арнайы келді. Түркия елшілігі мен Анкарадағы Еуразия Жазушылар одағы  атынан келген алғыс хатпен марапатталдым. Пікiр алмасқандар талданған монография қазақ пен түрік әдебиетінің терең байланыстарына қосылған елеулі туынды деген баға берген болатын. Бұл да үлкен жетістігімінің бірі деп ойлаймын.

«ҚР ЖОО Үздік оқытушысы» гранты бойынша жоспарланған қазақ-орыс әдеби байланыстарына арналған  авторлық ұжымдағы монографиямыз бойынша ресейлік ғалымдармен ғылыми байланыс жасау,  пікірлер алмасу мақсатында Мәскеу қаласында болдым. Ресейліік ғалымдармен кездесіп, ғылыми ізденістермен бөлісудің сәті түсті. Қазақ орыс әдеби, мәдени байланыстары жайында сыр бөлістік. Зерттеу еңбегімізге қажетті материалдар ұсынды. Сонымен қатар Қырғызстандағы Ресей-Қырғыз Халықаралық академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Александр Кацевпен танысып, ғылыми байланыс жасауға мүмкіндік туды. Ғалым монографиялық еңбекке талдау жасап, пікірін берді.

Шетелдік ғылыми ортада зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын танытудың өзектілігін ескеріп, импакт факторлы шетелдік ғылыми басылымдарға мақалалар жариялап, шетелде өткен ғылыми конференцияларға қатысып қайттым.

Бүгінгі таңда ғылым мен білім беру саласында халықаралық деңгейде жасалған ғылыми жұмыстар жоғары бағаланады. Басты міндет қазақ ғылымын әлемге танытудан туу керек деп ойлаймын. Бірақ шетелдік ғылымға тәуелді болу деген түсінік болмау қажет, халықаралық деңгейде шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу деп ұғу керек. Тәуелсіз елдің ғылымы да ешкімге тәуелді болмасы анық. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының нәтижесімен шетелдік тағылымдамадан өтудің сәті түсті. Еуропа сапары Франция елінен басталды. Париждегі Франция академиясында болып, шетелдік ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен таныстым.

Тағылымдама аясында Францияның Ницца университетінде халықаралық конференция өтті. Конференцияға баратын жолда Париж-Женева-Генуя-Ницца-Лион-Париж, сонымен қатар Экс ле Бен, Лозанна, Милан, Монако, Канны и Авиньон қалаларына танымдық шаралар ұйымдастырылды. Танымдық сапар барысында академия мүшелерінің дәрістерін де тыңдап қайттық.

«ҚР ЖОО Үздік оқытушысы» гранты қаржысымен аймақтық «Менің әдеби өлкем» атты аймақтық жас ғалымдар байқауын өткіздім.

Шараны өткізудегі мақсат аймақтық жоғары оқу орындарындағы жас ғалымдардың ғылымға деген құлшыныстарын арттыру,  ғылыми ізденістерін  ынталандыру, студент жастарға ғалымдар тарапынан қолдау көрсету болып табылады.

Байқау қорытындысында М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Абилова Зайра бас жүлдені иеленіп, өзім тағайындаған 100 000 теңгелік ақшалай сертификатына ие болды. Үздік, ғылымда талабы бар студенттерге ғалымдар тарапынан қолдау жасау мақсатында жасалған қаржылық қолдауды студент Мәскеу сапарына пайдаланды.

Бұл грант қаражаты бір жылға беріледі. Бір жыл ішінде біраз жұмыстанып, нәтижелі жұмыстар атқаруға талпындық. Ғалымдарға деген, ұстаздарға деген мемлекет тарапынан үлкен қолдау болса, ғылыми ізденістер үшін зор мүмкіндіктің бірегейі болды деп есептеймін.

-Үш тілде оқытуға қатысты пікіріңізді айтып өтсеңіз...

- Келелі проблеманың біріне айналған үш тілде оқытуға да тоқталып өткен Елбасы  нақты тапсырмаларын да берді. Үш тілде оқытуға көшу, ағылшын тілін енгізу  барлық проблемаларды ескере отырып, кезең-кезеңмен енгізу қажеттігі айтылған болатын. Көп тілді меңгеруді қолдаймын. Осы жерде айтып кетейін, көптің көкейінде жүретін бір сұрақ бар. Гуманитарлық салаға қатысты. Мен әдебиеттің әр кезеңінен сабақ берем. «Әдебиет теориясы» деген курсынан да. Қазақ әдебиетінің әр кезеңін бергенде, атап айтар болсам, өздеріңіз оқып жатқан тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқыту санаға сыймайтын дүние сияқты көрінеді. Қазақтың баласы қазақтың әдебиетін, төл туындысын өз ана тілінде ұғыну қажет. Шетел әдебиетін ағылшын тілінде оқыту көп қиындық туғызбас. Әлем әдебиетімен түпнұсқада таныса алады. Әдебиеттің ұлтқа қызмет атқаратынын ұмытпау қажет. Қазақ қаламгері өзге тілде жазбайды ғой. Шығармасын өз ана тілінде жазады. Сондықтан тіл мен әдебиетті де ұрпақ өз тілінде меңгеру қажет. Қазақ әдебиетінің төл туындыларын талдап, ағылшын тілінде ғылыми басылымдарда еңбектер жариялау ол бөлек дүние. Қазақ әдебиетін әлемге танытудың бір жолы іспетті деп қарауға болады. Өзімнің жеке пікірім, пәндерді тек жоғары сыныптарда шет тілінде оқытса. Оның ішінде тек санаулы пәндерді. Қажет адам ағылшын тілін өзі-ақ үйренеді. Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен каншама жастар ағылшын тілін еркін меңгеріп, оқып келіп жатыр. Олардың көбісі үш тілде оқытып жатқан мектептен шыққан жоқ. Балабақшадан бастап енгізілуіне түбегейлі қарсы адамдардың бірімін.

-Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы неде деп ойлайсыз?

-Дамудың даңғыл жолы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік. Осы ұстаным тәуелсіз еліміз үшін басты қағидаға айналғаны айқын. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұл бағдарламасы рухани жаңғыруға бастайтын жаңа бастамаларға жол ашып келеді. Бұл кейінгіге қалар тарих, бүгінгіге қаланған жаңа бастама. Мақалада ұсынылған бастамалар ширек ғасырлық тәуелсіздігімізде орындалған рухани жаңғыртуларды толықтыра түседі. Маңыздылығы осында деп ойлаймын.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін, нақты нәтижемен көрсетуді міндеттеді. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің қайнар бұлағы болуы тиіс. Елбасымыз «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп тегіннен-тегін айтпаса керек-ті. Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деген халық мақалына ерекше акцент берді. Патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады.  Университетімізде Отанды сүюге, туған жерге тағзым етуге,  ұлтжандылыққа тәрбиелейтін іс-шаралар үзілген емес. Оқу орнында бұрыннан филология, тарих факультеттерінде тарихи өлкетану, әдеби өлкетану курстары да жүргізіліп келеді.

Білім байқауларында шығарма жұмыстарын жазғанда, көбіне «Туған жер» тақырыбында жазған жұмыстар жиі кездесетін. «Бағдарлама бойынша дайын болмағасын, еркін тақырыпты таңдадым» деген жауаптар да еститінмін. Туған жер тақырыбын еріксіз түрде таңдаудың дұрыс қағида еместігін ұғынатын кез келді. Бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен, туған елді сүю, тарихын қастерлеу, дәстүрін ұлықтау, насихаттау мақсатымен келу керек. «Туған жерге тағзым» деген атпен шаралар көптеп өтілуде. Табиғатын тамашалап, әдемі жерлерін суретке түсу аздық етеді. Ел тарихын, жер тарихын, шежіресін, қасиетті мекендерін, олар жайында сыр шертетін аңыз әңгімелерді іздеу, талқылау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажет деп ойлаймын.

Әдебиетші, фольклорист ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужановтың туғанына 90 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тағылымдық шаралар жоспарлануда. Фольклорлық сараманды ұйымдастырып, батыс өңірінің халық ауыз әдебиеті нұсқалары мен қазақтың қолөнер бұйымдарын жинастырып, ұлттық жәдігерлерді ұлықтауда үлкен еңбек сіңірген ғалымдарымыздың бірегейі. Бүгінде Мәтжан Тілеужанов атында арнайы кабинет бар, ғалымның өз қолымен тапсырған мұралары сақтаулы. Жинаған қолөнер бұйымдары университетіміздің мұражайында. Ғалымның көзі тірісінде аталған бұйымдарды жинау мәселесінде сын көзбен қарап, қарсы шыққандардың болғаны жасырын емес. Алайда, уақыттың өзі дәлелдеді. Ғалымның рухани мұраны жинақтаудағы түпкі мақсаты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатқандай. М. Тілеужанов атындағы кабинетке тапсырылған, ғалымның өзі жинақтаған халық ауыз әдебиетінің нұсқалары (батыс өңірі бойынша) сақтаулы болғанмен, кітап ретінде шығару әлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Технологияның дамыған уақытында машинкамен басылған материалдардың папкада тігіліп сақталуымен шектелмей, электронды нұсқасын жинақтап, бастыру жұмыстарына жетекшілік жасап қолға алып жатырмыз. Осындай ойда жүрген жоспарларымызды жүзеге асырсақ деген тілегіміз бар. Аталған шараларға Мәтжан Тілеужанов атындағы шәкіртақы иегері ретінде қосар үлесіңнің болуы керек деп ойлаймын. Ғалым атындағы атаулы шәкіртақы иегері болу да үлкен жетістік деп білем.

-Жақында ғана университетіміздің 85 жылдығына орай салтанатты  жиында орталығы Түркияның Анкара қаласында орналасқан халықаралық «Түрксой» ұйымының Алғыс хатымен марапатталдыңыз. Бұл да сіз үшін үлкен жетістіктеріңіздің бірі деп білеміз. Бұл жыл да сіз үшін толайым табыстарға толы болғай! Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұқбатты жүргізген: Ғани Арайлым

 

Пікірлер 

 
0 #3 Айнаш Серикова 2017-11-10 15:32 Керемет! Елбасының "Рухани жаңғыру" мақаласын жүзеге асырып, еңбек қылатын сіздей ұстаздар саны арта туссе нұр үстіне нұр болмақ. Абай атамыздың "ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға"дегені рас-ау! Ғылым жолында ашар жаңалықтарыныз көп болғай! Дәйексөз жазу
 
 
+1 #2 Ардақ 2017-11-10 05:08 Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Рита Бекжанқызына еңбегіңіз жаңа берсін Дәйексөз жазу
 
 
+1 #1 Батыр 2017-11-10 01:51 Жаһандық білім, ұлттық тәрбие бастауы болып жүрген ұстаздардың бірі, бірігейі. Даналық ойдан дән іздеп жүрген ұстаз екендігі сөзінен де, істеп жүрген ісінен де көрініп тұр. Шәкірттеріңізді арманына адал күйінде жеткізу - әр ұстаздың ұстанымына айналсын!!! Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:377
Кеше:966
Барлығы:3038204