«Ұл қандай болуы керек?», «Қыз қандай болуы керек?» тақырыптарындағы өзекжарды ойлары мен толғаныстары

Ақын,  Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері  Шолпан Қыдырниязованың «Менің тәрбие сағатым» аталатын жазбаларындағы «Ұл қандай болуы керек?», «Қыз қандай болуы керек?» тақырыптарындағы өзекжарды ойлары мен толғаныстарын ұсынамыз.

* * * Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті ету, бір жігіт үшін ата-анаңды қиып кету, аттаған алтын босағаңа сыйып кету, сыйып кету үшін күймеске күйіп кету, тамыр жайып өну, көнбеске көну, қырық шырақ жанып, сөну, бағыну мен сағыну, уайымдау, уайымдату мен өзіңді мойындату. Бұл жолдан бізге дейінгілер өткен, төзімділері ғана мұратына жеткен, бізден кейінгілер де өтеді, Майданда үлескер емес күрескер болыңыздар, қыздарым!

* * * «Ұяң ұя бұзбас» деуші еді ақ әжем. Марқұм анам да «Ұяты төгіліп тұр екен» – деп біреулерге баға беріп отыратын. Бойымыздан ұяңдық пен ұят таба алмай қалып жатамыз. Неге? «Тоқ адам тоқпақпен ойнайды» – деген осы ма? Қарқыл, шаңқыл, анайылық, оспадарлық көшеде шерулеп жүр. «Ілтипатсыз ірге сөгер, ықылассыз ырыс төгер», «Көшеде көргенділік танытпаған үйінде де үйлесімдік таппайды», «Міндетсіген індетшіл болар», «Көшенің көзі көп, кешенің сөзі көп». «Есердің ескертуі есік ішінде, естінің ескертуі бесік ішінде». Ойланайықшы...

* * * Әке – төр, ана – бесік, ұл – қуат, қыз – шуақ. Ұлың қуатты, қызың шуақты болса, төрің қуатты да шуақты болады. Ұлдың қуаты әл кетіп, қартайғанда, қыздың шуағы жүзіңнен әр тайғанда керек. «Жетілгенше алдыңа, жетілгесін артыңа қара», – деп отырушы еді әжем. Ұлт тірегі – ұлдарым, тәрбие тіні – қыздарым, жетілгесін артқа қарайлап жүрмісіңдер? Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың жастығы өтеді, қарттығы жетеді, дүние – кезек.

* * * Пікір – әр адамның өз көзқара¬сының жемісі. Айтылған ой-пікірді салқынқандылықпен қабылдау – мәдениеттілік, қолдау не қарсы пікір айту – азаматтық. Тіксіну, күпсіну, салғыласу, тұқырту, тілдеу – сөйлеу мәдениетін білмеу. Парасатты, пайымды пікірден ақиқат гүл ашар, пайымсыз пікір парықсыздыққа ұласар. Түртіп сөйлеме, сананы сілкіп сөйле.

* * * Ұлтын сүймейтін ұлдан, құлақ кесті құл артық. Тілдің киесі – елдің иесі. Тілдің Туын құлатпаған ел – ұрпағын жылат¬паған ел. Жұрттың тілін жатта, ұлттың тілін сақта. Қара сөзі жоқтың, қара көзі жоғалар. Ана тіл – қаныңның тамшысы, намысыңның қамшысы. Тілін ұмытқан тегін де ұмытар. Анамның айтқандары Кие адамның басында емес, шашында, шашты кез келген жерге тастамаңдар, шаштарыңды жаймай, жинап жүріңдер. Кие адамның санасында емес, тілінде, тілегің тілінсе де тілің тілінбесін, бүлінбесін. Кие адамның өмірінде емес, өнерінде, адал адамды аруақ қолдайды. Кие адамның бойында емес, босағасында, босаға берік болсын. Кие сәнде емес, дәмде, дәм таусылмасын. Кие елде емес, Жерде, жауға ұлтарақ берме...

* * * Салғыласу – менменшілдік. Мәнді сөз марқа шығар, салғыласқанның арты ашылар. Шын сөздің тоңы – ырыс, салғыласудың соңы – ұрыс. Тіке сөз – тікенек. Қасарысқанның қаны қараяр. Батпан сөзді байқап айт, мақтан сөзді қаймағын шайқап айт. Салғыласқанда сый болмас.

* * * «Еркек – бас, әйел – мойын», – дегенді қалай түсінеміз? Менің ойымша: Ердің беделі баспен, әйелдің беделі аспен көтерілер. Ойсыз бас – мықты мойынның ойыншығы. Миы мықтының – сыйы мықты, Басы жоқтың қасы көп. Ақылсыздың аяғы басына бағынбас. Қорытылмаған ой қоламта болар.

* * * Бейімделу. Қайғыра білмесең де, қаймыға біл. Жұбата білмеген жылата береді. Садақада сұңқылдама, қуанышта ыңқылдама. Садақаның шелпегінде шер бар, тойдың телпегінде тер бар. Шерлі жерде шешенсіме. Қайғы-өзен сенікі, қайық – халықтікі, қайықтаспасаң, айыптаспа. Кек-тескенмен беттеспе. Енелерге құлаққағыс  Бір күні үйге бір-бір сөмке ақша арқалаған екі адам түстік ішуге келді. Сәлемдесіп алып, шай әзірлеп зыр жүгіріп жүрмін, енем қасыма келіп: Ана ұзын бойлы бала саған қайын аға болады, «Саралжын» совхозының кассирі, осы рудың үлкені «Желатаның» немересі, «Құсатаның» баласы, атын атауға болмайды, өзің қалай атайтыныңды ойлан, – деді. Мен шай құйып отырмын, біреу есік қақты, шықсам жаңағы қайын ағамды іздеп келген екен, ішке кіріп, «Кассир аға», Сізді біреу сұрайды, – дедім, бетім оттай жа¬нып кетсе керек, енем орнынан атып тұрып, бетімнен сүйіп, бәрі дұрыс, – деп сыбырлай салды. Содан бастап, танысқан қайын ағаларым мен қайныларыма ат қойып алдым. Кейбіреуін менен бұрын түскен абысындарым қойған атпен атап кеттім. Өзімнен кейінгілерге енем мен анамнан алған сабағымды беріп келемін.

*** Той –  тәрбие, бата, тілек, жас жұбайлардың есінде қалатын ерекше қуаныш. Жастарды тұрғызып қойып, /кейде жастарға қарау аянышты/ көлгірсіп сөйлеп, көсемсіп ақыл айтып, тойды жиналысқа айналдырдық, бәсекемен шашпашылыққа жол ашылды. "Ойы бұзық ауылдың тойы бұзық" дегендей болып кетті. Ұят. Тіршілікте қайғы мен қуаныштың қатар жүруі заңдылық, қуаныштың қадірін, садақаның сабырын қашырмайық, ағайын!

*** "Әй,ел болайық!" Ауру анасын бақпаған қыз апасының амандығын білмейді. Төсек жинамаған қыз өсек жинайды. Бұрын қыздар еріксіз малға сатылатын еді, енді еркімен шалға сатылатын болды. Бұрын қызды қырық үйден тыйғызатын еді, енді қырық үйге сыйғызатын болды. Тастай батып судай сіңу керектер, тастай қатып, судай ағып дедектер болды, т.б.

*** Әй, ел болайық! Заманы өткен, бесік құдалықтың "Жігіттің жақсысы нағашыдан .." деген мақалы бүгінге үйлесіңкіремейді, тайыз ойлайтындар масаттанып,талтаңдап кетпесін. Себебі бүгінгі жастарымыз қыздың етегін бүгін ашып, ертеңіне одан қашып кететінін уақыт көрсетті. "Бүлінгеннен бүлдіргі алма" деген мақалдың мағынасын көбі білмейді. Бұрынғылар "иісі шыққан қыз" деп үрке қарайтын, біреудің бүлдіргеніне бүгінгілер үйлене береді, мына заманда ешкім тойдан соң есекке теріс қаратып отырғызып келінін кері қайырған жоқ. "Қызы бүлінген үйге қызыр дарымайды" дегенді аналар естен баяғыда шығарып алды. Мен де нағашымын, өкінішке орай бүгінгі нағышылардың көбінің келбеті осындай екені ащы шындық. Енді "Жігіттің жақсылығы санасынан" болар.

*** Менің тәрбие сағатым: Әдет немесе өзіңе байқалмайтын әдепсіздігің. Жекіру, лепіру, кекіру, тыржию, мыржию, арпылдау, қарқылдау, шалқаю, талтаю, дүңкілдеу, күңкілдеу, мырқылдау, жырқылдау, ырқылдау,  сүртіну, түртіну. т.б. Өзімізге қарайық.

***  Азаматтарға құлаққағыс. Әйеліңді аяма аяла, қорлама қорға, жамандама амалда, қуартпа қуант, күйретпе үйрет, айқайлама пай-пайла, жылатпа жұбат, ұлытпа жылыт, есірме кешір,тартынып тарылма ағыңнан жарыл. Сонда ғана шынайы отбасы боласыздар.

** "Қызы үшін қысылмаған әке бақытты, қызы үшін алғыс алған ана бақытты." "Ерке қыз етегімен ойнайды, есті қыз ертеңін ойлайды." "Оясыз қыз ойнақ сүйеді, оялы оймақ киеді"," Шашын тарамайтын қыз, үйге қарамайтын қыз ","Анасын сыйламған қыз атасын сыйламайды" ,"Төсегі көп қыздың өсегі көп", т.б.

* * * Сыйлы болғың келсе, сыйымды бол. Келінге сыймаған енені ел сыйламас. Келінге көп сөз емес, көп көмек керек. Дым бермесең де дем бер. Білгеніңді үйрет, күмәніңді күйрет. Мен білем деп сызданба, ұлыңды қызғанба. Ұлдың қадірі шал кеткенде білінер, қыздың қадірі хал кеткенде білінер, келіннің қадірі әл кеткенде білінер. Ене – емен есік, келін – тұтқа. Тұтқамыз тұрақты болсын! Сырласу. Қызым, саған айтам... Сенім мен сезім болмай адамның бақытты болуы қиын. Ең бірінші өзіңе, екі көзіңе, айтқан сөзіңе сенімді бол. Естігеніңді біреу¬ге айта салуды әдетке айналдырма. Өсектің соңы – өкініш. «Аузы адалдың – асы адал», – дегенді бабалар тегін айтпаған. Күйеуіңмен жарысып, тайталасып сөйлеу – әдепсіздікке жатады. Ақылдасуды бойыңа, айтылған ақылды ойыңа сіңіре біл. Келін – келешек ана, сәбиге берілер сана екенін ұмытпа. Менің әжем: «Ұрысқақ қатынның қызы ұқыпты болмайды», «Ұрыс ұя бұзады», – дегендерді қайталап отырушы еді. Әже әдебімен кейінгілерге сабақ болсын, әркім керегін алса деген оймен сыр шертемін. Сезіміңді сарала. Ұнату мен сүюді шатастырып алмағайсың. Көпті ұнатасың, көпке ұнайсың, бірді сүйесің. Шын сезім ғана сынға төзе алады, бақытқа бас-тайды, бақыт – қанағат, қанағатшыл жан мәнді де, сәнді өмір сүре алады...

Бұзылу . Ұл бұзылса, жұртқа сын, қыз бұзылса, ұлтқа сын. Ер бұзылса, серт кетер, әйел бұзылса, дертті етер. Заң бұзылса, лаң болар, Ел бұзылса, жер болар, көңіл толы шер болар. Бас бұзылса, тіс кетер, ас бұзылса, іш кетер. Жас бұзылса, істі етер, бармағыңды тістетер. Ұлт бұзылса, салт кетер. Салты жоқтың – халқы жоқ.

 

Пікірлер 

 
0 #1 Аида 2017-11-27 16:34 Өте керемет Дәйексөз жазу
 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:1276
Кеше:1922
Барлығы:3073074