Байұлы туралы.

Байұлы туралы. Қазақ  халқын құраған тайпалардың бірі – Байұлы. Ол  шежіре бойынша Кіші жүздің құрамына еніп, Алшын одағына кіреді. Алшын Кіші жүздің басында тұр, қазақ аңызы бойынша ол Алаш ханның баласы. Алаш ханның үш ұлы болған, үлкені – Әлім. Одан Әлімұлы бұтағы өрбиді. Әлімұлы ежелден аға ұрпақ санатында, оның рулары орданың үлкені деп есептеледі. Алаш ханның ортаншы баласы Қадырқожаның он екі ұлы болған, сол себепті еркек кіндікті балаға бай,  ұлға бай аталған. Сөйтіп содан он екі ата Байұлы ұрпағы тараған. Ал кенже баласынан жеті ұл туып, Жетіру ұрпағын құрайды деген аңыз бар. [6, 98-б.]

Алайда аңыздан гөрі қазақ тарихын зерттеген ғалымдар пікіріне сүйенсек, Тевкелев: «Кіші Орда тек алшын тайпасынан тұрады, ал «алшын екіге, яғни қаракесек пен байұлына бөлінеді», ал ұсақ та әлсіз жеті руды Тәуке хан бір топқа біріктіріп, алшынға қосқан»,- дейді. Алшындардың Әлімұлы мен Байұлы руларынан құралатынын, шағын жеті руды Тәуке біріктіріп, Кіші Орда құрамына енгізгенін Левшин де растайды. [7, 6-8 бб.]
Байұлы этнонимі түркі қағанаты кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Орхон-Енисей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамаларында Байегу деп аталады. Байұлы алғашында Теле бірлестігінің құрамында болған. Түркі қағандығы оларды бағындырған соң, әуелі 1- Шығыс Түркі қағандығының, кейін 2 - Түркі қағандығының құрамына енеді. Қытай деректері олардың Канганьхэ өзенінің (Канганьхэ өзенінің қазіргі атауы әлі анықталмаған, шамасы Селенганың жоғарғы аңғары болуы керек.) бойын мекендегенін айта келіп: “бәрі де ауқатты, 60 мың адамы бар, 10 000 әскер шығара алады” деп жазады.
Билеушілерін “елтебер” деп атаған. 647—648 жылдары Байұлын елтебер Цюйлиши билепті. Канганьхэ өзенінің қазіргі атауы әлі анықталмаған, шамасы Селенганың жоғарғы аңғары болуы керек. Бірінші Түркі қағандығының құрамында болған сол кездегі 9 ата байырқу (баегу) тайпасын 7 ғасырдың 20-жылдарында қағандық ыдыраған соң, Сейяньто бірлестігі өзіне кіріптар етті. 647 жылы ол бірлестікті талқандаған Таң империясына тәуелді болады да, қытайлар оларды басқаратын орталық ретінде Юлин округін құрады. Бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде қалып, шын мәнінде, байегулер империяға бағыныштылық білдірмейді. Ішкі істеріне қол сұға берген соң, түркі тайпаларының Байегу, сыцзе, пугу, тунло сияқты түркі тайпалары бас қосып, қытайдың Чжан Женьтай басқарған жазалаушы әскерімен 660—661 жылдары аралығында үш рет соғысады. Ақыры, қаша ұрыс салған байегулерді қуған Чжан Женьтай әскері 662 жылдың қысындағы боранда Селенга өзенінің маңында қырғынға ұшырайды. Осы қақтығыстар нәтижесінде, Таң империясы түркілерді бодан қылу мақсатынан уақытша болса да бас тартуға мәжбүр болады. 679 жылы Орта Азияны мекендеген түркілердің Таң империясына қарсы көп жылғы күресі нәтижесінде 2-Шығыс Түркі қағандығы құрылады. Көтеріліске қатысқан Байырқу тайпасы жаңа мемлекеттің іргетасын қалауға ат салысады. Алайда, Қытай империясы жансыздарының іріткі саясаты қағандықты іштен ыдыратып, 713 жылы ондағы тайпалар өзді-өздерімен соғыса бастайды. Байырқулар 716 жылы Қапаған қағанды өлтіреді. 8 ғасырдың ортасында Ұйғыр қағандығы құрылып, байырқулар сол мемлекеттің құрамына енеді. [5, 172-173 бб] 9 ғасырдың ортасында қырғыздар ұйғыр қағандығын құлатқан соң, оның негізгі жұрты Пан-тегінге еріп, қытайға қашады. Таң империясының деректерінде бұл босқындар арасында байегу тайпасы болғандығы айтылмайды. Демек, олар Қытайға ойыспай, байырғы жұртында қалып қойған. Осы кезеңнен Орталық Азиядағы түркі нәсілінің батысқа жылжу кезеңі басталады. 2-Шығыс Түркі қағандығының табанды жұрты болған қыпшақтар, имектер, оғыздар қазақ даласына ойысып, қайтадан бас құрап, жаңа бірлестіктерін қалыптастырады. Бұл кезде байырқу-баегулердің оғыз бірлестігіне енгендері Байауыт аталады. Қыпшақ байауыттар негізінен Ырғыз өз. маңына табан тіреп, Елбөрі қыпшақ тайпалық бірлестігін құрады. Орыс жылнамасындағы ильбури қыпшақтары осылар. Жалал әд-Диннің үзеңгілес жолдасы, Хорезмшаһтар тарихын жазған Несауи әйгілі Теркен-хатунды осы байаут қыпшақтарының қызы еді дейді. Шыңғыс хан империясының тарихшысы Рашид әд-Дин: “моңғол арасындағы байауыттар екіге бөлінеді, біреуін — жадаат (адам) деп, екіншілерін хэхерин байауыт деп атайды” деп көрсеткен. Олардың Шыңғыс хан жорықтарына қатысқаны туралы деректер бар. Бұлар моңғолдар арасында қалып қойған байырқу-байегулердің бір бөлегі болса керек. Шағатай ұлысы тұсында олар баири есімімен белгілі болып, кейін Байсары атына ие болды.
Түркі қағандығы кезінде Әлімұлы құрамында болған 9 ата Байұлы тайпасының бірігу-ыдырау үрдістерінің салдарынан олардың қаншасының қазақ топырағына табан тірегенін, қаншасының басқа жұрттың арасына шашылып кеткенін анықтау қиын. Дегенмен, байырғы байырқу-баегулердің  негізгі бөлігі Қазақстанның батыс аймағын мекендеп, ноғайлы тұсында алшын бірлестігінің құрамында болған. Ал Ноғай ордасы ыдыраған кезде алшын, алтыауыл, жембойылық ноғайлының басты жұртының бірі тамалармен бірге қазақ хандығының құрамына енген Байұлы жайлы деректер 18 ғасырдың 1-жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарында жиі ұшыраса бастайды. Оны 12 ата Байұлы (кей тізімдерде 13 ата) деп көрсетеді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында «Байұлы құрамына шеркеш, ысық, есентемір, байбақты, беріш, адай, алтын-жаппас, тана, алаша, масқар, таз, қызылқұрт рулары енеді»,- деп көрсетілген. Алтын мен жаппас бір ру ретінде бірге аталады. [8, 77-б] Ал кейбір мәліметтерде 13 ата деп көрсетілу себебін Б.Қойшыбаев былай түсіндіреді: «Жекелеген зерттеушілер, «Он екі ата Байұлы» деп келетін құлаққа сіңісті қалыптасқан тіркеске қарамастан, қосақталған атауды екіге бөліп, он үшінші ата ретінде алтын руын жеке атайды». [6, 99-б]
Байұлы этонимінің тарихы тереңде жатқанын көптеген ғалымдар еңбегінен кездестіре аламыз. Солардың бірі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті Ғ.А.Меңілбаев түркі академиясы сайтында жарияланған «Қазақтың «бай» ұғымы мен ру-тайпаларының тарихы» мақаласында: «Құрамында «бай» сөзі бар ру-тайпа аттары Орта Азия  мен Солтүстік Азия халықтарының көбінде кездесіп отыратынын Бая және Бай түбірлі этнонимдердің тұңғыс-маньчжур, маңғол, түркі халықтарында кеңінен тарағанымен байланыстырады. Ғалым эвенкілерде  Бая-ки, Бая-шин, Бая-гир (ру), эвендерде Бая-шин, Бая-ки (ру),Ульчи мен орокилерде Бая-усе-ли (ру), орочи мен нанайларда Бая (ру), маньчжурларда Бая-ра (ру), гиляктарда Баи-л (ру), маңғолдарда Баи-т (ру), Бая-у-д, буряттарда  Баян-дай, якуттарда Баи-д (ру),  ұйғырда  Бае-гу (тайпа), ал  Енисей өзенінің төменгі жағындағы  энцілерде, Бай-гадо (ру) Енисейдегі Кеттерде (кайбол) сияқты атаулардың жиі кездесетініне назар аудара келе, біздің Байұлы тайпасының аты да осылармен тектес болуы ықтимал», - деген қорытынды жасай келе,  бұл аталғандардың ішіндегі ең көнесі «Бай-ди» тайпасы екеніне, оның біздің заманымызға дейінгі YIII-YII ғасырларда Солтүстік Маңғолия мен Алтай-Саян тауларының сілемдерінде өмір сүргенін атап көрсетеді.  Бай-ру тайпасы YII ғ. Селенгі жағасындағы ұйғырлар арасында,  Бай-си  YIII ғ. Маньчжу-рияның оңтүстік жағалауында мекендеген көрінеді. Сонымен қатар «бай» сөзі арқылы жасалған этноним, топоним және антропонимдер қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт, якут, ұйғыр сияқты түркі халықтары тілдерінде ежелгі заманнан қолданылғанына тоқталады.  Орхон жазбаларында Байир-ку, ұйғырларда  Баегу болса, IX-XI ғасырлардағы Қият тайпаларының бірінің аты – Байандур екенін, осы сипаттағы этнонимдер қазақ тілінде Байшора, Байсын, Байұлы болып келсе, якуттарда Баид түрінде кездесетінін атап көрсетеді. [9, 1-б.]
Ертеде түркі тектес тайпалардың Азияда әрі-бері ауысып, бір орыннан екінші орынға орналасып отырғаны И.И.Крафт, А.Левшин, В.В.Радлов, Мейер, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Б.Қойшы-баев және т.б. ғалымдардың еңбектерінен белгілі. «Бай түбір сөзі арқылы жасалған этнонимді иемденгендердің бір  тобы Азияның шығысы мен солтүстігінде, екінші тобы орта бойында мекен еткені шындыққа жақын.  Бұған назар аударсақ, бай сөзі арқылы жасалған этнонимдердің архетипі көне дәуірге, атап айтқанда, Алтай дәуіріне тән болар деген тоқтамға келеміз», - деген Ғ.А.Меңілбаев пікірімен толық келісеміз. [9, 1-б.] Себебі  «Бай» сөзі ру-тайпа аты ретінде алғаш рет б.э. бұрынғы 694-250 жылдардағы қытай жылнамаларында Алтайда өмір сүрген динлиндер тайпасының атымен байланысты танылады. Олардың бір бөлігі Байди аталған, ал бай екі түрлі мағынада «солтүстік» және «ақ» мағынасында көрсетілген.  Бай сөзінің көне лексикалық мағынасы сол Алтай дәуіріне тән сөздердің мағынасын аңғартатынын, өйткені, бұл сөздің қазіргі мағынасы мен бұрынғы мағынасының (солтүстік және ақ) арасында ешбір жуықтық, жақын байланыс білінбейтінін, ал  қазіргі  ру, тайпа және кісі аттарында келетін бай сөзінің мағынасы соңғы дәуірлердегі жағдаймен байланысты екенін Т.Жанұзақов еңбектерінен де кездестіреміз. [10, 494-496-бб.]  Ал  Р.Г.Кузеевтің монографиясында   «баюлы» (бурзянский род), племя таз (таз, тазлар), племя байлар, Тана, Байулы / род-Бурзян /, Масқар/ род-племя Катай, Ногай-бурзян, 12 биев бурзян т.б. ру-тайпалардың атаулары көрсетіліп, оларға ғылыми талдау жасалады. Ғалым башқұрт құрамында жоғарыда аталған рулар мен тайпалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын айтады және осы еңбекте Байұлы құрамында кездесетін Тана, Таз, Масқар ру-тайпаларының атауларына да тоқталады. [11, 250-487 бб.]
Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінде Байұлы атауының шығу тарихы Кіші жүз Алшынның ортаншы ұлы Қыдырқожаның малды адам болғаны, соған орай жұрт «байеке», «бай» деп атағаны, сондықтан ұрпағының «Байұлы» атанып жүргені туралы айтылады. [3, 298-б.]
Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» еңбегіне сүйенсек, «bajyr-quu» (байырқу - тайпалық одақ), байырқуды  байұлы одағы деген жағдайда [12, 107-б.],  «bai» (бай ), байұлының атауына негіз болған атау болуы мүмкін деген қорытынды жасауымызға болады.
Б.Қойшыбаев «Ақиқат» журналының 2010 ж. №11 санында жарияланған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы: байұлы туралы» мақаласында М.Тыныш-баевтың айтуынша, 1924 және 1925 жылдары Орыс географиялық қоғамы Түркістан бөлімінде жасаған «Қазақ халқы тарихына материалдар» атты баяндамаларында кейбір саны аз қазақ руларының өзінің тарихы Иса пайғамбардың тууынан басталатын жыл санауынан да ертеректе басталатынын айтады. Демек, қазақтың ең саны көп руы – алшынның тамыры да ғасырлар тереңіне бойлап кеткен болуға керек деген оймен, зерттеуші оның іздерін географиялық атаулар мен тарихи деректерден іздеп байқайды. Және ой саларлық нәтижелерді алға тартады. Мәселен, Солтүстік Алтайдағы Чулым өзенінің сол жақ салаларының бірі Беріш (Берш) деп аталады. Одан батысқа қарай 40 шақырым жерде Беріш көлі (Берчи-куль) орналасқан. Мұның бәрі қазақ құрамындағы алшынның Байұлы ұрпағына кіретін көп қаралы беріш руын еске салады. Беріш көлінің батысында, 50 шақырымдай жерден, Алчедат өзені басталады. Бұл да алшынға тақау атау. Обқа құятын Катунь өзенінің оң жақ салаларының бірі Черкиш деп аталады. Ол да Алшынның Байұлы тармағындағы Шеркеш руы атымен сәйкес боп тұр. Беріш өзені, Беріш көлі, Беріш (Буриш) жартасы, Алчедат өзені жатқан аумақта «қызыл» деп аталатын түркі тайпасы тұрғанын, оның құрамында Үлкен ачин, Кіші ачин деген рулар бар екенін, ал бұлардың бір әрпі түсіп қалған алшынды еске түсіретінін айтады. (Шынында, «л» әрпін қоспай – «алшы» дегеннің орнына – «ашы», «әкелші» – «әкеші», т.с.с. сөйлеу қазақ тілінде жиі кездеседі). Ачинск қаласы өз атын осыдан алған. Ачинск қаласының терістігінен жүз шақырым жерден Үлкен және Кіші Кеть өзендері басталады. Кеть – кете руын еске салады, ол да Алшын Байұлына кіретін ру. «Осы аудандарда бірнеше рет алтын деген кездеседі, – дейді ғалым, –географиялық атаулардың бірнешеуі біздің рулардың атын еске салатындықтан, оны да алшынның алтын руымен сәйкестендіруге болады. Тағы бір елеулісі сол, бұл жерлерден Үлкен немесе Орта Орда руларын (жалғыз арғыннан басқа) еске салатын атаулар мүлдем жоқ, ал аталған атаулар тек Кіші Орда руларына ғана ұқсас» дей келе, Байұлы ұрпағы руларының ізін ғалым оңтүстік және оңтүстік-шығыс Ресейден де көптеп табады. Мәселен, Киевтен 60 шақырымда Барышевка стансасы, соған тақау маңда сол аттас село бар. Киевтен 200 шақырым, Днепр бойымен төмен, оң жағалауда Черкасы қаласы тұр. Киев – Москва темір жолы бойында, Киевтен 230 шақырымда Алтын стансасы, оған жақын жерде Алтын селосы бар. Киев – Полтава темір жолында Сула өзені, оның Удай саласы бар. Туладан оңтүстікке қарай 70 шақырымда үйездік Одоев қаласы бар. Харьковтан 240 шақырымда, Харьков–Пенза темір жолы бойында Бирюч дейтін үйездік қала бар. Дон өзені ХІҮ ғасырға дейін Танаис деп аталған, ондағы «ис» таза грек жалғауы. Азов теңізі мен Азов қаласы бұрын Тана деп аталған… Астраханның қарсы жағында, Еділдің оң жағасында Төрт Алтын шатқалы жатыр, -  дейді.
Бұларда  кездесетін «географиялық және тарихи атаулар Бараш-Бараиш, Барышовка, Баруч, Бирюч, Бирюсевка, Бирючий, Бурч, Пурыш, Болуш – алшынның беріш руын; Удай мен Одоев – адай; Черкас пен Черкасск – шеркеш руларын еске салады». Черкасы қаласының негізін шеркештер қалаған. Кавказ шеркештері мен қазақ-алшын-байұлы шеркештерінің екеуінде де қылыш руы бар, екеуі де «қазақ» аталады. Ромодан мен Рамадан – алшынның рамаданын еске салады. Тана – тана, Алтын – алтын, Таман – тама руларын еске түсіреді. Бұл өңірде Үлкен және Орта Ордалардың руларын еске салатындай географиялық атаулар да, тарихи аттар да (қыпшақтан өзге) кездеспейді деген қорытынды жасайды және араб жазушысы Аль-Айни Мысыр сұлтандары (мамелюктік) Бейбарс (1260–1279) пен Калаун (1279–1290) «брж-оғлы руынан шыққан қыпшақтар болғанын» жазғанын айта келіп, «брж» – «бурджи» (атауы «қамал, қаттылық» ұғымда-рын білдіретін мысыр әулеті) – «берж» (тобыл татарлары тілінде – қатты, сынбайтын) – «беріш» (қазақ тілінде – денеде беріштеніп қатып қалған түйін) сөздерін салғастыра талдау арқылы «бурджи» әулетінің атауы «брж» немесе «беріш» деген түркі халқы сөзінен шықты деген қорытындыға келеді. Мысырда «брж-оғлы» әулетінен кейін билікке солармен туыстас «шеркеш» руының мамелюктері келгенін энциклопедиялық сөздіктің 36-томының дерегіне сүйеніп айтады. [6, 100-б]
Карамзин дерегі бойынша Курск губерниясының Ахматовка селосында  13-ғасырда өздерін қазақтар деп атайтын черкестер тұрған. Карамзин торктер (Тынышбаев «торктер» сөзінің алғашқы дауысты дыбысының айтылу ырғағын талдай отырып, оны «түркілер» дегеннің тап өзі деп ұйғарады- дейді Б.Қойшыбаев) мен берендейлердің шеркеш деп аталғанын, казактардың да солай аталғаны, косогтардың да шеркеш екенін. 10 ғасырда олардың Қара және Каспий теңіздері аралығындағы елі Касахия аталғанын жазады. Оны Семенов-Тянь-Шанский де айтады. Ол шеркеш руының тармақтарын тізе келе, қылыш атасын айтады, бұл – қазақтың Алшын бірлестігінің Байұлы ұрпағына кіретін Шеркеште де бар ата .
Жоғарыда аты аталған ғалымдарға қоса Геродот біздің жыл санауымызға дейінгі Ү ғасырда Днепрден батысқа қарай тұрған алазон деп аталатын халықты атаса, Страбон Алазондар туралы біздің дәуірдің І ғасырында айтады. Беріш, шеркеш, алтын атаулары Алтай мен оңтүстік орыс далаларында бір мезгілде кездеседі. Алтайдағы ачин, алчид шамалап алазонға тақалады, ал солардың бәрі біздің алшынды еске түсіреді. Осы жәйттерді ескере отырып, олардың туыс тайпалар екенін ойлау керек. Қазақтарда бұлар байұлы ұрпағына кіреді,- деген қорытынды жасайды [13, 145-146-бб.]
Ғалымдарымыздың қайсысының пікіріне сүйенсек те «Байұлы» этнонимі тарихының тамыры тереңде жатқанын анық дәлелдейді.

Жалғасы бар.....

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:1278
Кеше:1922
Барлығы:3073076