Данадан қалған дара сөз

Бала – адамның бауыр еті, көз нұры.                    

Бала ақылды болса,
ата-ананы оздырады.
Желбуаз, жетесіз болса,
жерге қаратып тоздырады.

Бала атадан батпан артық туады.

Бала –  бауыр, дос – тамыр.

Бала биден де күшті, бірақ бітірмес істі.

Бала болғанын білмес,
Батыр толғанын білмес.

Балаға байқап сөйлесең ақылыңа көнер,
шайқап сөйлесең көрсетер бір "өнер".

Балаға жанның ашуы бірдей,
Қай қолынды кессең де, жанға батуы бірдей.

Атадан жақсы ұл туса,
елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
көшінің соңы болады  (Қазыбек би).

Аянкестің белгісі
арықты да "жар" дейді.
Еркетайдың белгісі
кең дүниені "тар" дейді.

Әдепсіз бала ауыздықсыз атпен тең,
Ақылды қария жазып койған хатпен тең.

Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой.
Жаман да болса, өз ұлың өз малыңа ие ғой.

Баланың жақсысы –  қызық, жаманы – күйік (Абай).

Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.

Баласы жаман туғанның,
әкесін түйе үстінен ит қабар (Шал ақын).



Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.

Білім – ердің дәулеті.

Ел қамын жеген ер – басшы.
Ердің жеңілгені – елдің жеңілгені.

Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.

Елдің серті – ер серті.

Елін сүйген жауынгер ер болады.

Елу деген – ердің, ерлік істердің жасы.

Ер адам кек сақтамайды.

Ер өледі, ел қалады.
Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты.

Ерден бағы жанбаған әйел ғаріп.

Ердің жүзін күйдіретін нәрсе – тіл.

Ердің туы – намыс.

Жаңбыр жаумаған жер жетім, ата қонысынан ауған ел жетім, жарынан айырылған ер жетім.

Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте.

Ақылсыз ердің тілі – өз басының дұшпаны.

Ермін деген жігітті,
Кеңшілікте сынама.

Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.


Жердің сөлін жер жуар,
Елдің кегін ер қуар.
Дауыл тұрса бұлт қуар,
Жердегі жауды жұрт қуар.

Жігерлі болса – ер болар.

Жүкті нар көтерер,
Қайғыны ер көтерер.

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді.

Қазанат қамшы тигізбейді,
Азамат жоғын білгізбейді.

Нағыз ер «дүние – мал» деп дірілдемес болар.

Нағыз ер болсаң, сол атаққа ие бола біл.

Ойлай білген ер – көзсіз батырдан көп артық.

Пәтуәсіз ер – елге сор.

Сын сағаттарда қоғам мүддесі үшін жасалуға тиістіні жасайтын адам – нағыз ер.

 

Пікір қосу

Пікір қосу ережелері


1. Латын әріптерін қолданбауға тырысыңыз, сөздерді қатесіз жазып, қазақ әріптерін толық жазыңыз.

2. Егер де сізде біздің мамандар мен психологтарға сұрақтарыңыз болса, оларды сұрақ-жауапта қоюыңызға болады.

3. Егер де сізде ұсыныстар мен тілектер пайда болса, оларды қонақ кітабында жазыңыз.


Қорғау коды
Жаңарту

Соңғы пікірлер

Статистика


Бүгін:379
Кеше:966
Барлығы:3038206